Жамбыл – қазақ халқының лирикалық, философия және
шешендік сөздеріне өлшеусіз үлес қосқан ұлы ақын.
(Мұхтар Әуезов)
Кеше, 15 ақпан күні Мәскеу Ұлттар үйінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш өтті. Кешті Ресей Федерациясындағы ҚР Елшілігі қолдауымен, Қазақ жастары кеңесі ұйымдастырды.
Кешке Мәскеу әдеби ұйымының өкілдері, осында білім алып жатқан студенттер, қысқаша айтқанда, қаладағы қандастырымыз жиналды. Тек қазақ қана емес, жарты әлемнің жыр атасына айналған ақынның құрметіне жасалған әдеби кешке өзге ұлт өкілдері де қонақ болды.
Алғашқы сөз тізгіні Ресей әдеби палатасы атқарушы комитетінің басшысы Георгий Брегманға берілді. Ол Жамбыл Жабаевқа екі дәуірде өмір сүру бақыты бұйырғанын айтып, сөзін былай жалғады: «Ақын шығармашылығын екі кезеңге бөліп қарауға болады: төңкеріске дейінгі және төңкерістен кейінгі. Ол бірінші кезеңде көбіне халық тіршілігіне көңіл бөлсе, екінші кезеңде кеңестік поэзиядан өзге, кеңестік шындықты жырға қосты. Менің ойымша, Жамбыл Қазақстан мен Ресейдің қазіргі ынтымақтастығын сол кезде біліп жырлаған. Оның әр жырында шынайылықтың белгісі бар».
Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент мүшесі Дина Аманжолова қазақ мәдениетін ақынның артына қалдырған мол мұрасынсыз елестету мүмкін емес екенін айтты.
«Жамбыл Жабаевтың тұлғалық ұлылығы сол – өз өмірінде көпті көрген қария «жыр жаратушысы» ретінде ұлт алдындағы зор жауапкершілікті түйсіне білді. Қазақтың сөз мәдениетін бәрінен жоғары қоятынын білеміз. Ал Жабаев осы жолда өз міндетін абыроймен атқарды. Жамбыл туралы сөз қозғағанда, тамаша тәржімашы Кузнецовті де еске алғанымыз жөн болар. Өйткені орыстілді оқырман ақын шығармашылығымен Кузнецов аудармасы арқылы танысты», – деді Дина Аманжолова.
Әдеби кеште ақын шығармашылығынан жыр оқылып, ән айтылды, ақынға арнап күй тартылып, би биленді. Кешке жиналған қонақтар ұлт мақтанышының ұрпақтары арнайы түсіріп жіберген бейнеүндеуді тамашалады. Кешегі бір сағат бір ғасырға жуық өмір сүрген, қазағын қара сөзбен қанаттандырып, жұртын жырымен жебеген Жыр алыбына арналды.
Жүз жасаған Жамбыл – өзі ғұмыр кешкен жылдардағы жүзжылдық тарихты ғана емес, арғы-бергі замандағы өмір шындығын айнытпай жырлаған ақын. Жай ғана ақын емес, Сүйінбайдан бата алған, суырыпсалма айтыскер ақын. Бір сөзбен айтқанда, кестелі сөздің шебері, ұшқыр ойдың иесі. Жауынгерлерді жеңіске жетелеген отты жырлары олардың басты қаруы болды. Ол – Жетісу топырағынан дарыған осынау қасиетті жыр өнерін жеті жұртқа аманаттап кетті. Ал сол аманатты абыроймен арқалап, келесі ұрпаққа жеткізу – сіз бен біздің парызымыз, құрметті қазақ баласы!
Керемет кештің қызықты тұстары жайлы суреттер сөйлесін...
Ағайын-туған, есен бол,
Алшайып атқа мінейін.
Енді айналып келгенше,
Аңсай-аңсай жүрейін.
Жамбыл Жабаев