Мәскеуде екі полиция қызметкері жарылыс салдарынан мерт болды

24 желтоқсанға қараған түні Мәскеудегі Елецкая көшесінде жарылыс болды. Соның салдарынан екі полиция қызметкері және олардың қасында жүрген бір адам қаза тапқан. Бұл туралы ресейлік БАҚ мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ресей Тергеу комитетінің мәліметінше, жарылысқа дейін көп ұзамай жол-патруль қызметінің екі инспекторы полицияның қызметтік көлігінің маңынан күдік тудырған адамды байқайды. Оны ұстамақ болып жақындаған сәтте жарылғыш құрылғы іске қосылған.

Алған жарақаттарынан екі полиция қызметкері де, жанында болған адам да оқиға орнында мерт болды.

Мәскеу бойынша РФ Тергеу комитетінің басқармасы құқық қорғау органының қызметкерінің өміріне қастандық жасау және жарылғыш құрылғыларды заңсыз айналымға енгізу деректері бойынша қылмыстық іс қозғады.

Telegram-дағы Baza арнасының мәліметінше, үшіншісі - жарылысты жасаған адам. Ол полиция қызметкерлері жақындаған кезде жарылғыш құрылғыны орнатып жатқан болуы мүмкін екені айтылады.

Айта кетейік, 22 желтоқсанда Мәскеуде тұрғын үй ауласында бір автокөлік жарылып, Ресей Қарулы күштері Бас штабының жедел даярлық басқармасының басшысы қаза тапқан еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!