- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мәскеуде алғаш рет...
Мәскеуде алғаш рет «Домбыра-party» өтті
Ресей астанасында қазақ жастарының мұрындық болуымен алғаш рет «Домбыра-party» өтті, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Абай ескерткішінің алдында ұйымдастырылған шараға жиналған жұрттың қарасы көп. Олардың ішінде осында білім алып жатқан жастармен қатар аға буын өкілдері де бар.
Кештің әлқиссасы дәстүр бойынша күмбірлеген күймен ашылды. Өнерлі жастар домбырадан күй төгіп, әуелете ән шырқады. «Домбыра-party»-дің құрметті қонағы, ҚР Мәдениет қайраткері Абылайхан Оспанов кешке ерекше көрік берді.
Қара домбырада бірнеше ән орындап, "Шабыт" домбыра ансамблімен қосылып күй де шертті. Артынан сөз алып, ұлттық өнерді ұлықтауға үлес қосып жүрген жастарға ризашылығын білдіріп, жарқын болашақ тіледі.
Жат жерде жүріп елін сағынған қыз-жігіттер төл өнердің арқасында туған жерге саяхаттап келгендей болды. Домбыра шанағынан күй төгілгенде терең сезімге беріліп, әдемі әнді қосыла шырқады. Асыл достармен болған қайталанбас сәтті өмірлік естелікке айналдыру мақсатында телефондарына да түсіріп алды.
Тіпті, қазақтың қара домбырасының үні "Чистопрудный" желекжолында серуендеп жүрген жергілікті тұрғындардың да назарын аударды.
Велосипедіне сүйеніп, жақындауға батылы бармай, сүйсіне қызығып тұрған мына орыс азаматы – оның айқын көрінісі.
2012 жылдың тамыз айында басталған бұл шара бүгінгі таңда Қазақстанның барлық өңірлерінде дәстүрге айналып үлгерді. Тіпті, Лондон, Ыстамбұл, Анкара сынды әлем метрополияларында жыл сайын өткізіліп келеді.
Сонымен қатар, күні кеше Қытайдың Нанжиң қаласында білім алып жатқан жастар да "ғашықтар күніне" арнап "Домбыра-party" ұйымдастырғанын атап өткеніміз жөн болар.
Енді міне кеше Мәскеу аспанында да қазақ күйі шалқыды. Кезіндегі қазақ блогерлерінің көтерген кішкентай бастамасының халықаралық шараға айналғаны – ұлттық өнер жанашырлары үшін үлкен жетістік.
Мұндай игі басқосулар шет елде оқып жатқан қазақ жастарының туған жерге деген сағынышын басып, ұлттық рухын күшейте түсері анық. Сондықтан, санаулы сағатта сан жылдық рухани азық алған азаматтар алдағы уақытта бұл шараны дәстүрге айналдыруға уағдаласты.
Естеріңізге сала кетейік, бұл игі шара «Мұрагер» мәдени-ақпараттық орталығының бастамасымен жүзеге асты.
Е. Жұмабайұлы