Мәскеу кинофестивалінде қазақстандық студенттер Гран-приге ие болды

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері Мәскеуде өткен халықаралық студенттік фильмдер фестивалінде тарихи жеңіске қол жеткізді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Академияның "Кино және ТВ" факультетінің 3-курс студенттері "Восхождение" халықаралық студенттік фильмдер фестивалінде екі бірдей маңызды марапатқа ие болды. Ол – Гран-при мен "Үздік сценарий" номинациялары.

 

 "Жалғыз жандар" – Гран-при иегері

Фестивальдің басты жүлдесін Тілеуберді Тұрарбекұлының "Жалғыз жандар" атты 18 минуттық қысқаметражды фильмі жеңіп алды.

«Бұл фильмде әкесінен айырылған баланың құлазыған жаны суреттеледі. Сол себепті де "Жалғыз жандар" деп аталды», – дейді автор.

Туындыны жас режиссер Балқаш қаласында 2-курстың соңында түсірген. 40-тан астам жобаның ішінен топ жарған еңбектің авторы Тілеуберді Тұрарбекұлы жеңісі жайында былай дейді:

«Өзге де, өз туындысын ұсынған қарсыластардың да жұмысы жоғары деңгейде болды. Іріктеу турымен қоса алғанда 40-тан астам жұмыс ұсынылды. Солардың ішінде топ жару бұйырған екен, қуаныштымын. Құттықтап жатқан барша жанға алғыс білдіремін. Кино өнері өте қиын сала. Ол жерде тек бір адамның еңбегі болмайды. Оператор, актер, кадр сыртындағы жандардың да алар орны орасан. Одан бөлек, қолдау, бюджет керек. Олардың бәрінің жұмысын біріктіру оңай емес. Жас дарындарды қолдаушылар болса, көрерменнің көңілінен шығатын туындылар көбейе бермек".

 "Люк" – Үздік сценарий

Фестивальдегі екінші ірі жеңіс – "Люк" фильміне тиесілі. Бұл драма жанрында түсірілген фильмнің сценарийін Әли Омаров пен Ислам Бақтығұлов жазған. Жас сценаристердің шеберлігі "Үздік сценарий" номинациясында бағасын алды. Фильмнің негізгі тақырыбы – өмірдегі қиындықтар мен оларды жеңуге деген талпыныс.

Фестиваль және халықаралық ынтымақтастық

"Восхождение" халықаралық студенттік фильмдер фестивалі ТМД елдері арасында биыл екінші рет өткізілді. Фестивальге 8 елден 12 киномектеп қатысты, ал конкурсқа барлығы 40-тан астам жұмыс ұсынылды. Бұл шара – жас кинематографистер үшін өз шығармашылығын халықаралық деңгейде көрсетуге және жаңа тәжірибе алмасу үшін жасалған мүмкіндік.

Фестиваль аясында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев пен С.Герасимов атындағы Бүкілресейлік мемлекеттік кино институтының ректоры Владимир Малышев екі оқу орны арасындағы ынтымақтастықты тереңдету туралы келісімге келді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!