Мәскеу мен Мәскеу облысындағы ғимараттарға жасалған дрон шабуылы салдарынан төрт адам қаза тапты. Бұл туралы ресейлік БАҚ жазды. Ал Украина әскерилері мұнай қондырғылары мен қару-жарақ шығаратын зауытқа соққы жасағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
РБК мәліметінше, шамамен төрт адам көз жұмған, оның үшеуі Мәскеу облысында. Бұл туралы Мәскеу мэрі Сергей Собянин мәлімдеді.
Бұқаралық ақпарат құралдары мәліметінше, Украина Ресей астанасына бір жылдан аса уақыт ішінде ең ауқымды дрон соққысын жасаған.
Мәскеу облысында ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылы кезінде Үндістан азаматы қаза тапқан. Бұл туралы Үндістанның Ресейдегі елшілігі хабарлады. Дипломаттар оқиға орнына барып, ауруханада зардап шеккен жұмысшылармен кездескен.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский бұл соққылар Ресейдің шабуылдарына жауап ретінде жасалғанын айтты. Оның сөзінше, Украина Мәскеу маңындағы нысандарға 500 шақырымнан аса қашықтан соққы жасай алған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз