Ақтөбеліктер жаз бойы қоқыстан көз ашпағанын айтады. Халық тұрмыстық қалдық уақытында тазаланбайтынына наразы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қалада қоқыс мәселесі өзекті болып тұр. Аулалардағы қоқыс контейнерлері апталап тазартылмайды. Шашылған қоқыс, сасыған иіс тұрғындарды әбден шаршатқан. Жаз шықса ақтөбеліктердің көретін күні осы екен. Редакцияға хабарласқан қала тұрғыны Мұрат Құрманбаев Қонаев көшесіндегі аулаларда қоқыс уақытында тазаланбай, сасып жатқанын жеткізді.
"Биыл ала жаздай қоқыспен әуре болдық. Шыны керек, айқай-шу шығармасаң алмайды. Контейнерлер тез толып қалады. Ол ыстық күнде сасып, апталап тұрады. Жел тұрса, шашылған қалдықтар жан-жаққа ұшады. Аулада балалар ойнайды. Айта-айта шаршадық. Өткенде бір рет алып кеткен. Міне, тағы үйіліп қалды", - дейді тұрғын.
Қаланың ортасынан бөлек шағынаудандардағы да жағдай мәз емес. Мәселен, Родниковка тасжолының бойындағы көшелер мен Ақжар-2 ауданындағы тұрғындар жаз бойы қоқыстан көз ашпай келе жатқанын айтады. Әкімдіктен күдер үзген халық өздері ақша жинап, қоқыс шығаратын жеке көліктердің қызметін пайдаланған. Ал кейінгі аптада олар да келуді қойыпты.
"Масқара болдық. Көше шіріп жатыр. Үйдің қасындағы қоқыс салатын бөшке толды. Үйілген қалдықтың исі шығып жатыр. Бұған дейін 500-1000 теңге беріп, жеке көліктерге шығартатын едік. Кейінгі кезде олар да келмейді. Қалдық шығару мәселесін бір ретке келтірсе екен", - деді Ақжар-2 тұрғыны Жұман.
Бұл мәселе бойынша Ақтөбе қалалық әкімдігіне хабарластық. Әкімдіктің мәліметі бойынша қалада тамыздан бастап үш компания қоқыс шығарады. Олар - NEO PLUS, "Таза Қарғалы" және жаңадан қосылған "АТК Qyzmet" ЖШС.
"Қызметін тоқтатқан Clean City компаниясының бас кеңсесі Астанада орналасқан. Бұл ұйым қала аумағының 60 пайызға жуығына қызмет көрсетті. Енді Clean city абоненттік базасы жаңа кәсіпорынның балансына көшіп отыр. Қазір АТК qyzmet кәсіпорыны қызметкерлері өз міндеттерін орындауға кірісіп жатыр. Clean City ЖШС 133 қызметкері АТК Qyzmet-ке жұмысқа ауысты. Қазір қала аумағының барлығы тазартылып жатыр", - делінген қалалық әкімдіктің хабарламасында.
Сондай-ақ, қаладағы ахуалға байланысты жаңа ұйымға қосымша тағы техника берілген. 54 техника сатып алу үшін бюджеттен 3 миллиард теңге бөлініпті. Оның ішінде қоқыс шығаратын 25 көлік бар. Қазір оның 10-ы әкелініп, жұмыс істеп тұрса, қалғаны қыркүйекте әкелінеді екен. Сондай-ақ, 1000 қоқыс контейнері ауыстырылатыны айтылды.
Кәмшат Сексенбайқызы
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!