Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев "Асыл арман" тұрғын үй кешеніне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шенеуніктің сөзінше, "Асыл арман" - ең ірі тұрғын үй кешендерінің бірі, халық саны шамамен 25 мың адамға жетеді. Әкім мұнда бірнеше мәселе барын мойындады.
"Инфраструктура бойынша мәселелер әлі де бар. Жазда суға қысым түскен кезде де мәселе туындайды. Бұл сұрақтар ретімен шешіліп жатыр", - деді Сұлтанғазиев.
Әкім "тұрғын үй кешені тұрған аумақ қалаға қосыла ма?" деген сауалға да жауап берді.
"Қалаға қосу бойынша мәселені әлі талқылаған жоқпыз", - деді ол.
Жуырда Қарасай ауданы Іргелі ауылында орналасқан дәл осы тұрғын үй кешенінде қайғылы оқиға болды. Салдарынан оқушы жан тапсырды. Облыс әкімі бұл мәселеге қатысты да сөз қозғады.
"Іргелідегі "Асыл арман" тұрғын үй кешені бойынша кезінде салынған кезде әлеуметтік сұрақтар толық шешілмеген. Сондықтан сол тұрғын үй кешенінің балаларын үш жаққа тасымалдаймыз. Ол тасымалдау жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады. Үш мектеп те алыс емес. Жақын арада ол жақта тағы да бір мектеп салынады. Ол жаққа да балалар тасымалданады. Іргелінің өзінде келесі жылы 1 қыркүйекке дейін 2000 орындық мектеп қолданысқа беріледі. Ол - жеке кәсіпкерлер салып жатқан мектеп. Қаржыландыру мәселесі шешілген. Сол кезде жаяу баруға мүмкіндік болады. Аялдама, басқа сұрақтар біздің назарымызда. Тиісті техникалық регламенттерге сай шешіледі", - деді әкім ОКҚ-да өткен брифингте.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында 6 мың бала үш ауысымда оқып жүргені хабарланды. Дәл осы "Асыл арман" және өзге де шағын ауданның балалары жақын маңда басқа мектеп жоқтығынан Кемертоғанға қатынап оқиды.
Еске салайық, биыл 27 қарашада "Асыл арман" тұрғын үй кешені маңында оқушыны автобус басып кетті, кейін тұрғындар наразылық білдірді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!