- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мәселе шешілді". ІІМ...
"Мәселе шешілді". ІІМ оң тізгінді көліктерді заңдастыру туралы айтты
Қазақстанда шетелде тіркелген оң тізгінді көліктерді біржолғы заңдастыруға рұқсат етілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының басшысы Қайсар Сұлтанбаев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сенатта Мемлекет басшысының кейбір тапсырмасын орындау мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды. Депутат Нұрлан Бекназаров заң жобасында неліктен рөлі оң жақта орналасқан көліктерді заңдастыру туралы норма енгізілмегенін сұрады.
"Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға әкелінген, заңға сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік автокөліктерді біржолғы заңдастыруды жүзеге асыру міндетін қойды. Бұл көліктердің қатарында оң тізгінді көліктер де бар. Қазір көліктерді пайдалануға заңнамалық тұрғыдан тыйым салынған, дегенмен шетелдік нөмірлері бар рөлі оң жақта орналасқан көліктер қазірдің өзінде әкелініп жатыр, ал жүргізушілер оларды тіркей алмайды. Қоғам тарапынан мұндай көліктерді заңдастыруға сұраныс бар. Неліктен заң жобасында бұл мәселе шешілмейді және "Жол қозғалысы туралы" заңға тиіс түзетулер енгізу қарастырылмаған" - деп сұрады сенатор.
Қайсар Сұлтанбаев заңға өзгеріс енгізудің қажеті жоғын түсіндірді.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына байланысты көліктерді біржолғы заңдастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, жақында ғана рөлі оң жақта орналасқан көліктер бір реттік заңдастыруға енгізілетіні туралы тиіс түзетулер енгіздік. Бұл мәселе шешілді", - деді ол.
Сұлтанбаев қазір Қазақстанда осындай 20 мыңға жуық көлік бар екенін айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек