Маңғыстау облысының орталығы мен басқа аудандарында жедел жәрдем қызметкерлері екі күннен бері наразылыққа шықты. Наразылыққа Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы, Бейнеу аудандарындағы жедел жәрдем қызметкерлері қосылған. Олар жалақыға үстемеақы қосып, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуді және бұл тәртіпті ұжымдық шартқа қосуды талап етіп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жедел жәрдем станциясының басшысы кеше түске дейін 40 мың теңге көлеміндегі қосымша ақы аударылғанын айтады.
"Тоғызы жалақыны 40 мың теңге көлемінде үстемеақысыз жібердік. Жүргізушілерге 50 мың теңге жәрдемақы уақытында жөнелтілді. Қалғанын кеше таңғы 11-ге дейін жібердік. Олардың жалақысы жұмыс уақытына байланысты төленеді. Жүргізушілер орта есеппен 150-160 мың алады, ал фельдшерлердікі 190-230 мыңнан асады", - дейді облыстық жедел жәрдем станциясы директорының міндетін атқарушы Аманбек Досжанов.
Көптен күткен жәрдемақыларын алған фельдшерлер мен жүргізушілер басқа да талаптарын орындауды талап етіп, жұмысқа шықпауды ұйғарған.
"Мәселе тек ақшада емес. Біз еліміздегі ең төмен жалақыны аламыз, осыны қайта қараса дейміз. Біздің талаптарымыз қала, облыс деңгейінде бір емес, бірнеше рет талқыланып, мемлекеттік орындарға бірнеше мәрте хат жазылды. Бізге уәде беріледі, бірақ барлық шешім тек қағаз жүзінде қалады. Шығу бригадаларының санын көбейтуді сұраймыз. Бір ауысымда 25 жедел жәрдем көлігі болуы керек, ал қазір 12-ден аспайды. Бір ауысымда ережеге сәйкес екі фельдшер мен жүргізуші жұмыс істеу керек. Ал бізде тек бір дәрігер бар. Әр фельдшерге ауысымына 24-30 шақырту келеді. Ешкім екі еселенген жұмыс үшін қосымша ақы төлемейді, бұл өте ауыр жұмыс", - дейді фельдшер Тұрар Сатқанбаев.
Наразылыққа шыққандар 200 мыңнан астам халқы бар Ақтауда бес жедел жәрдем көлігі ғана желіде тұрғанын айтады.
"Әрине, жетіспеушілік бар, бірақ біз барлық емханалармен, жеке медициналық ұйымдармен жұмыс істеп жатырмыз. Қазір жұмысына шыққан фельдшерлер бар", - деді Аманбек Досжанов.
Қазір облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлердің барлық талаптарын орындауға мүмкіндігі жоқ. Қызметкерлермен келіссөздер жалғасып жатыр. Адамдардан адамгершілік пен шыдамдылық танытуды сұраймыз.
"Бүкіл өмірін өз қызметіне арнаған фельдшерлер адамгершілікке жатпайтын іс істеп жатыр. Олар бірнеше күннен бері халыққа көмек көрсетуді тоқтатты. Оларға жүкті әйел, әкесі, анасы, әпкесі мен ағасының өмірі маңызды емес пе?" – дейді Маңғыстау облыстық жедел жәрдем станциясының басшысы Аманбек Досжанов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!