- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мас күйінде адам...
"Мас күйінде адам қағып, Қазақстанға қашып кеткен". Әнші Ерлан Көкеевті Түркия тұрғыны іздестіріп жатыр
Белгілі журналист Гүлмира Әбіқай әнші, "АБК" тобының экс-мүшесі Ерлан Көкеевті Аланияда іздеп жатқанын әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, бұл оқиға туралы 26 жылдан бері Түркияда жылжымайтын мүлік сатып, жалға көлік берумен айналысатын жергілікті тұрғын Лера баяндап берген.
"Лераның айтуынша, теңіз жағалауындағы шаһарға қазақстандық әншілер келген кезде жарнамалық ұсыныспен Көкеевпен танысқан. Қасында жұбайы, жанында 5-6 баласы бар болғандықтан, үлгілі әке ретінде көрген. Былтыр әнші Лерадан жалға көлік алады. Отбасы, бала-шағасымен бір шараға барып, мас күйінде мото жүргізушіні қағып кетеді. Есі шыққан Ерлан Лерадан көмек сұрайды. Лера таныстарын әкеліп, сақтандыру төлеп, Ерекеңді кепілге шығарып алады. Жапа шеккен Түркия азаматы, жас жігіт ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіледі. Бәрібір денсаулығы оңалмай, қазір мүгедек болып қалған", - деп жазды журналист.
Түркия заңы бойынша, жол-көлік оқиғасының барлық шығынын рульдегі жүргізуші емес, көлік рәсімделген иесі көтеруі тиіс болған.
"Лераның айтуынша, көлік пен медициналық сақтандыру, кепіл ақысы мен сот отырысының шығыны 34мың € болған. Оны өтегенше Ерлан мен әйелі жанымнан шықпай, өлердегі сөздерін айтып, арашалауын өтінген. Алғашқы шығындарды өтеген соң Көкеев көлеңкесін көрсетпей кеткен. Кейін Лераның нөмірін бұғаттап, Қазақстанға кетіп қалған. Қазір бүкіл Алания АБК-нің экс әншісін шарқ ұрып іздеп жүр. Ерлан Көкеевке 2-3 рет хабарластым. Көмекшісі алып, жол-көлік оқиғасы туралы білмейтінін айтты. Ал әншінің өзі үнсіз", - деп жазды журналист.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы