Мас күйде көлік жүргізгендерге қандай жаза қолданылады?

Мас күйде көлік жүргізгендерге қандай жаза қолданылады?
Фото: freepik.com

Қазақстан заңы бойынша қан құрамындағы 0.5-1.5 ‰ (промилле) – жеңіл мастық, 1.5-2.5 ‰ – орта деңгейдегі мастық, 2.5-3.0 ‰ – ауыр деңгейдегі мастық, 3.0-5.0 ‰ – алкогольге уланған саналады. Егер алкотестер 0.5 промилледен төмен болса, жүргізуші мас адам саналмайды. 0-0.5 ‰ арасындағы көрсеткішке дәрі-дәрмек, эндоген алкоголь себеп болуы мүмкін. Ал 0.5 промилледен жоғары болса, жүргізуші жауапқа тартылады.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық кодексінің 608-бабы.

1. Көлікті алкоголь, есірткі, уытқа мас күйінде басқарса, жүргізуші куәлігінен 3 жылға айырылады.

2. Дәл сол әрекет апатқа себеп болса, жүргізуші куәлігінен 4 жылға айырылады.

3. Дәл сол әрекет жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жаза белгілері жоқ зиян келтірсе немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге себеп болса, жүргізуші куәлігінен 5 жылға айырылады.

4. 1,2,3 бөлімдегі әрекет әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталанса, жүргізуші куәлігінен 6 жылға айырылады және 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады.

5. Осы баптың төртінші бөлігіндегі әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталанса, жүргізуші куәлігінен 10 жылға айырылады және 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады.

6. Осы баптың 1,2,3 бөліміндегі әрекетті көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар жасаса, 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады.

7. Осы баптың алтыншы бөлігіндегі әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталанса, 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алынады.

8. Осы баптың 6,7 бөлімдеріндегі әрекетті әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылмайтын адамдар жасаса, 200 АЕК айыппұл салынады.

Әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылмайтын адамдар: 

- жүкті әйел;
- 14 жасқа жетпеген бала тәрбиелеп отырған ана;
- 1,2 топ мүгедектері;
- кәмелетке толмағандар;
- 58 жастан асқан әйелдер және 63 жастан асқан еркектер.

Әкiмшiлiк құқық бұзушылық кодексінің 613-бабы.

4. Ішкі істер, әскери полиция органдары қызметкерінің белгіленген тәртіпке сай ағзадағы алкоголь, есірткі және уытқұмарлықты тексеру туралы заңды талабын орындамаса, жүргізуші куәлігінен 3 жылға айырылады.

Бұл – қазіргі әкiмшiлiк құқық бұзушылық кодексіндегі заң. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жазаларды қатаңдатуды тапсырды. Бұл туралы ол Twitter желісіндегі парақшасында жазды.

"Заңға өзгертулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктердің кез келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені үшін, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет", - деп жазды Тоқаев.

Бұған қатысты ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Мәжілістегі отырыс кулуарында көлікті мас күйде айдағандардың жазасы қалай күшейтілетінін айтты.

"Мемлекет басшысының тапсырмасын, заңнамада қалыптасқан олқылықтарды ескере отырып, бұл баптар бойынша санкцияларды қатайту мүмкіндігін зерттеп жатырмыз. Азаматтардың көлікті куәліксіз жүргізетін, заң бұзғаны үшін көлік жүргізу құқығынан айырылғаннан кейін де автокөлікке отыратын жағдайлары көп", – деді ол.

Massaget.kz