Мас күйде көлік жүргізгені үшін жазаны жеңілдету: бұған ІІМ не дейді?

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Мәжіліс депутаттарының мас күйде көлік жүргізгені үшін жазаны жеңілдету туралы ұсынысына пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжіліс дәлізінде ІІМ басшысының орынбасарынан журналистер депутаттардың ұсынысына пікір білдіруін сұрады.

Игорь Лепеха мас күйде көлік жүргізгені үшін жауапкершілікті жеңілдетуге қарсы екенін айтты.

"Министрліктің ұстанымы: рөлге тек сау күйде отыру керек деп санаймыз. Мас күйде көлік жүргізгені үшін жауапкершілікті жеңілдетуге қарсымын. Сондықтан көлікті тек сау күйде жүргізуге кеңес беремін", – деді Лепеха Мәжіліс дәлізінде.

Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары, сенатор Марат Қожаев мас күйде көлік жүргізгені үшін жазаны жеңілдету туралы Мәжіліс депутаттарының ұсынысына пікір білдірді. Ол мұндай шаралар заңбұзушыларды тәртіпке шақыру қажет болған кезде, қиын жағдайда қабылданғанын айтты. 

Ал оған дейін Мәжіліс депутаты Николай Арсютин мас күйде көлік айдағаны үшін жазаны қысқартуға шақырып, бұл әлемдегі ең қатал шаралардың бірі екенін мәлімдеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!