"Мас күйде жүргені де, аспанға оқ атқаны да бар". Ерсі әрекетімен көзге түскен шенеуніктер

Бірі былапыт сөз айтты. Бірі қоластындағы қызметкерлермен жанжалдасты. Бұл тізімді жалғай берсек, көзге оғаш көрінетін ісімен жұрт есінде қалған, Желіде қызу талқыланған шенеунік қатары көп екенін көруге болады. Massaget.kz тілшісі бұл қатарда кімдер бар екеніне шолу жасады.

"1,5 сағат бойы былапыт сөз айтқан". Ол кім?

"Уральская неделя" мәліметінше, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов 1,5 сағат бойы өткен жиналыста қызметкерлеріне былапыт сөздер айтқан. 1 сағат 20 минуттық аудиода әкім "б...ь" сөзін 71 рет, "н...й" сөзін 73 рет айтқан. Ал оқиға биыл наурызда ауданды су басу қаупі болып тұрған кезде болған. 

Жиналыста Тоқжанов аппарат қызметкерлері мен ауыл әкімдерін өңірді су басу қаупі бойынша есеп беруін талап еткен. Ол өңір әкімдерін аймақты су басу қаупі тұрғанда олар резеңке аяқкиіммен жүрудің орнына туфлимен жүргенін, техникаға қажет 10 литр дизель отынын таба алмай жүргенін және аппарат қызметкерлерін құжат тапсыру мерзіміне сай үлгермей жатқанын айтып сынаған. Зейнетке шығуына бірнеше күн қалған жағдайда да қызметкерлерді жұмыстан шығарып жіберетінін айтып сөккен. 

Ал кейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметі өкілі бұл іс бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.

"Қаңтар оқиғасы кезінде мас күйде жүрді". Ол кім?

Желіде Форт-Шевченко әкімі мас күйінде түсірілген видео тараған еді. Бұл оқиға қаңтар оқиғасы кезінде болған. Әкім Шалқыбай Әзірбаев Желіде тараған кадрларда "төрт күн демалғанын" айтады. Кадрларда шенеунікті оқиға куәгерлері қоршап алғаны, қасында полицейлер де тұрғаны көрінеді. Қала басшысы мас күйінде көлікті қандай себеппен басқарғанын түсіндіріп бере алмаған.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі өкілдері InAktau порталына оқиғаға қатысты пікір білдірген еді.

"Қызметтік тексеріс жүргізіп жатырмыз, дерек расталса, ол қызметінен босатылады", - деді аймақ басшысының баспасөз қызметіндегілер.

Ал кейінірек шенеунік жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны және он бес тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды. Бірақ өзі кінәсін мойындамаған, тіпті ішімдік иісін сырқатына байланысты мойнына жағылған спирттен деп түсіндірген. 

"Медициналық куәландыру қорытындысы бойынша психобелсенді затты пайдалану көсеткіші 0,73 пайыз. Жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаңдық", - деген еді Түпқараған аудандық сотының баспасөз қызметі өкілдері.

"Күзетшіні соққыға жыққан". Ол кім?

Ерсі қылығымен халық назарына түскен шенеуніктер шеруі мұнымен бітпейді. Желіде тағы бір шенеунік күзетшіге күш көрсеткені туралы видео тараған еді. Дәлірек айтсақ, Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының экс-әкімі Тілек Көшмағанбетов тұрғын үй кешендерінің бірінің күзетшісін ұрды деп айыпталған болатын. 

Lada.kz

Оқиға қауіпсіздік камераларына түсіп қалған. Кадрларда көйлек киген, галстук таққан ер адам жанжалдасып, келесі адамға соққы жасағаны көрінеді.

Lada.kz мәліметінше, кейін ол қызметінен кеткен. Ал бұл істің себебін денсаулығына байланыстырған.

Lada.kz

Алды-артына қарамай журналистерден қашқан кім?

Биыл тағайындалған су жаңа әкімдер қатарында Қызылорда облысының әкімі де бар. Желіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың видеосы тараған еді. Онда әкім сұрақ қоймақ болған журналистерден қашып бара жатқанын көруге болады. Шенеунік бұл жағдайға қатысты Facebook-парақшасында пікір білдірген болатын. Сондай-ақ, оның сағаты да қызуға талқыға түскен еді. Әкімдіктің баспасөз қызметі мәліметінше, сағат бренді - Rolex Datejust. Бірақ қазір шенеунік мұндай қымбат сағат тақпайтын көрінеді.

"Бүгін Парламент Мәжілісіндегі тыңдауға қатыстым. Жиын аяқталардан 15-20 минут бұрын сұранып, келесі іскерлік кездесуіме асығыс шығып кеттім. Маған бетпе-бет ешқандай журналист тікелей қаратып сұрақ қойған жоқ. Алайда баспалдақта менен өзге де адамдар болғандықтан, артымнан атымды немесе қызметімді атап қойылған сауалды естімегеннен кейін, кешігіп бара жатқан кездесуіме жылдам жүре бердім. Кейінгі уақытта бірқатар әлеуметтік желіде менің ескі 2016 жылғы суретімде көрсетілген сағатқа қатысты журналистер тарапынан қызығушылық туындаған секілді. Бұл сағатты ертеректе алғанмын. Менің мемлекеттік қызметке дейін 10 жылға жуық бизнес саласында жүргенімді өмірбаянымнан көре аласыздар. Сондықтан бұл мәселеде жасырын ештеңе жоқ деп ойлаймын және әрдайым БАҚ өкілдерінің сауалдарына ашық жауап беруге дайынмын", - деді облыс әкімі.

Аспанға оқ атқан кім?

Әлеуметтік желіде Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаевтың аспанға мылтық атқан видеосы тараған еді. Осылайша, әкім БАҚ өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтауды жөн көрген екен. Әкім журналистер мен блогерлерді демалуға шақырып, нысанға атудан жарыс ұйымдастырған. 

Видео жергілікті Instagram-топтарда тарап, талқыға түсті. Кейбір қолданушылар Масабаевтың бастамасын қолдаса, енді бірі әкімге маңыздырақ мәселелермен айналысу керек екенін айтқан. Талдықорған әкімінің баспасөз қызметі өкілі осы жағдайға қатысты пікір білдірген еді.

"Қала әкімі Әсет Масабаев БАҚ қызметкерлері арасында оқ атудан турнир өткізді. Бұл жерде сынайтындай ештеңе жоқ, БАҚ өкілдерінің демалысы. Әкім сонда барып, жергілікті журналистер мен блогерлерді құттықтады. Атыс арнайы аймақта өтті. Осындай іс-шаралар БАҚ-тың рухын, командалық рухын көтеру үшін қажет деп ойлаймын", - деді Талдықорған әкімінің баспасөз қызметі өкілі.

Кейінірек Талдықорған әкімінің өзі де Желіде қызу талқыға түскен видеоға қатысты пікір білдіріп, қанша ақша жұмсалғанын айтты.

"Барлық қаражат жалақымның есебінен кетті. Жалақым оған жетеді. Бұл - өзінің қаруы бар ресми орын. Сол жерде кәуап, кола, нанмен шағын пикник ұйымдастырдық. Бәріне 385 мың кетті. 260 мыңы - қаруға оқ-дәріге, 52 мыңы - ыдысқа және 70 мыңы тамаққа", - деді қала әкімі.

Эмоциясын ұстай алмай жүрген кім?

Павлодар облысы Ақсан ауылдық округінің әкімі ауыл тұрғындарымен дөрекі сөйлескен сәті де, Instagram-да жарияланған еді. Осы видеодан кейін әкімге қатысты тәртіптік іс қозғалған болатын.

"Ауыл тұрғындарымен өткен жиында Кенжебек Дүйсенбаев тұрғындармен дөрекі сөйлескен. Әдеп жөніндегі кеңес шешімімен Баянауыл ауданының әкіміне, аудан әкіміне Кенжебек Дүйсенбаевқа қатаң сөгіс жариялау туралы хат жолданды", - деді Павлодар облысы Мемлекеттік қызмет істері департаменті өкілі.

Әдеп кеңесінің отырысында ауыл әкімі әдепсіз әрекетке барғанын мойындап, кешірім сұраған.

"Бұл менің қателігім, эмоциямды ұстай алмағанымды мойындаймын. Кешіріңіздер. Бұл әрекет енді қайталанбайды", - деді ол.

Мүгедекке шабуыл жасаған әкім кім?

Алматы облысында мүгедекке шабуыл жасаған ауыл әкімі жазаланған еді. Елді дүрліктірген оқиға Алматы облысы Панфилов ауылдық округі әкімінің есеп беру кездесуінде болған.

Полицияға ауыл белсендісі Болат Жәкішев жүгінген. 64 жастағы ер адамның айтуынша, әкім оны балағаттап, шабуылдаған. Бұл оқиға ауыл басшысының жергілікті халықпен жыл сайынғы есеп беру кездесуінде болған.

Болат Жәкішев. Видеодан алынған кадр

Кикілжің екі ер адамның төбелесіне ұласқан. Салдарынан екінші топтағы мүгедек жергілікті белсенді зардап шегіп, құқық қорғау органдарына жүгінген. Кейін Панфилов ауылдық округінің әкімі Серік Шаловқа "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша 30 630 теңге айыппұл салынған. Ақпаратты Алматы облысының Полиция департаменті мен Талғар ауданының әкімдігі ресми түрде растаған.

"Айыппұл тек маған ғана емес, белсендіге де салынды. Мен қазір қандай да бір себептермен оқиғаның жай-жапсарын айта алмаймын", - деді Серік Шалов.
 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!