- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сот үкімі
Мас ер адамның кесірінен автобус жолаушысы қайтыс болды: сот үкімі шықты
Шымкентте автобусқа мас күйде кіріп, бүлік шығарған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
П. Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігімен (бұзақылық жасау), 351-бабының 2-бөлігімен (көлiктiң қауiпсiз жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн қағидаларды бұзу, абайсызда адам өліміне әкеліп соғу) айыпталған.
Сотта анықталғаны:
Сотталушы биыл тамызда Шымкент қаласында қоғамдық көлікте масаң күйде бүлік шығарып, автобус жүргізушісінің бетінен ұрып жіберген. Салдарынан автобус жүргізушісі тежегішті басып, автобус кенет тоқтаған. Осы сәтте автобустың шығу жерінде тұрған жолаушы (жәбірленуші) абайсызда алған дене жарақаттары салдарынан қайтыс болған.
Сотталушының кінәсі дәлелденді:
Сотталушының кінәсі өзінің, жүргізушісінің және жолаушылардың жауаптарымен, оқиға орнын қарап-тексеру нәтижесімен, заттай дәлелдемелермен, сараптама қорытындысымен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденді.
Тараптардың позициясы:
Прокурор сотталушы П-ға ҚК-нің 351-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын және ҚК-нің 293-бабының 1-бөлігімен тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істі қысқартуды сұрады.
Жәбірленушілер сотталушыға кешірім бергендерін және қатаң жаза тағайындамауды сұрады
П. кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.
Сот қандай және неліктен жаза тағайындады?
Қылмыстық кодекстің 351-бабының 2-бөлігінің санкциясы 4 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін толық мойындағанын, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін және ауырлататын мән-жайлар ретінде масаң күйінде қылмыстық құқықбұзушылықты жасағанын ескерді.
Сот П-ға Қылмыстық кодекстің 351-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығын айыру жазасы тағайындады, ал 293-бабының 1-бөлігімен тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина