Әуе кемесінің апаттық есігін ашқан ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биыл 23 желтоқсанда Fly Arystan әуе компаниясы өкілдерінің өтініші бойынша Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері "Шымкент-Алматы" бағытындағы рейс жолаушысын анықтап, ұстады. Құқықбұзушы акт бойынша рейстен түсірілді. Тексеру барысында мас күйде ұшақ бортындағы қауіпсіздік ережелеріне бағынбаған 29 жастағы алматылық анықталды.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол "орташа дәрежелі" мас күйде болған.
Құқықбұзушыға қатысты полиция қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы 1-бөлігі (алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу), 566-бабы 1-бөлігі (әуе кемесіндегі мінез-құлық қағидаларын бұзу), 434-бабы 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша бірден үш әкімшілік хаттама толтырып, 8 АЕК (27 600 теңге - еск.) айыппұл салды.
Ұсақ бұзақылық бойынша іс шешім қабылдау үшін Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданатын болады. Бұл бап бойынша құқықбұзушы он бес тәулікке дейінгі әкімшілік қамауға алу түрінде жазалануы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін FlyArystan рейсінің жолаушысы ұшақ қонғаннан кейін апат жағдайындағы есікті ашып жібергені хабарланған еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!