Марқұмның бейнесін ЖИ арқылы “тірілту“ дұрыс па? ҚМДБ жауабы

Марқұмның бейнесін ЖИ арқылы “тірілту“ дұрыс па? ҚМДБ жауабы
Фото: ЖИ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қайтыс болған адамдардың бейнесін жасанды интеллект көмегімен қозғалысқа келтіруге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Massaget.kz. 

Қазіргі таңда жасанды интеллект суреттерді өзгертуге, адамның бейнесін қозғалысқа келтіруге және дауысын имитациялауға мүмкіндік береді. Ислам фиқһ негіздері қағидасы бойынша "Бір нәрсеге берілетін үкім оны дұрыс түсініп, мәнін анықтауға байланысты" деп белгіленген. Сондықтан қайтыс болған адамдардың суреттерін жасанды интеллект арқылы қозғалысқа келтірудің үкімі оны қолдану мақсаты мен нақты жағдайына қарай әртүрлі болады, - деп жазды. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ресми республикалық рухани-танымдық басылымы "Мұнара" газетінде жарияланған мақалада төмендегідей байлам айтылады.

1

Біріншіден

Рұқсат етіледі

Мақсаты — сағынған кезде еске алу, көңіл жұбату және жақын адамды жақсы естеліктермен еске түсіру болса.

Бұл әрекеттің мақсаты шариғатқа қайшы емес және онда тыйым салынған нәрсе жоқ.

«Құралдардың үкімі оның қандай мақсатта қолданылуына байланысты».

Фиқһи қағида · әл-Из ибн Абдуссәләм, «Қауағиду әл-мәқасид», 153
2

Екіншіден

Тыйым салынады

Бейнені жандандыру адамды шынайы өмірден алшақтатып, өткен шаққа байлап тастаса, қайғы-қасіретін қайта күшейтсе немесе Алланың өлім туралы белгілеген тағдырына іштей қарсылық сезімін тудырса.

Бұл адамның өзіне де, жақындарына да рухани әрі психологиялық зиян келтіруі мүмкін.

«Өзіне де, өзгеге де зиян келтіруге болмайды».

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) · Хаким, Бәйһақи
3

Үшіншіден

Қатаң тыйым салынады

Мақсаты — марқұмға айтпаған сөздерді айтқызу, оған тиесілі емес пікірлерді телу немесе жалған ақпарат тарату болса.

Бұл — ақиқатты бұрмалау және қайтыс болған адамға қатысты өтірік айту. Әсіресе өзгертілген бейнелер коммерциялық жарнамада өнімді шынайы емес түрде насихаттау үшін қолданылса, адамдарды алдауға және олардың мал-мүлкін әділетсіз жолмен иеленуге әкеледі.

«Мұсылманның қаны, дүние-мүлкі және ар-намысы өзге мұсылмандарға харам».

Әбу Һурайрадан жеткен хадис · Мүслим
Қорыта айтқанда

Қайтыс болған адамның бейнесін жасанды интеллект арқылы жандандырудың үкімі оның мақсатына байланысты. Егер ол марқұмға айтпаған сөздерді айтқызу, жалған ақпарат тарату, шындықты бұрмалау немесе адамға рухани зиян келтіру үшін қолданылса, шариғат бойынша тыйым салынады.

О. Сансызбай
Logotype Massaget