Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел жәбірленуші мәртебесінен бас тартады. Бұл туралы журналистерге оның адвокаты Мұрат Мәуметов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Біз бас тарттық. Өтінішхат әлі ұсынылған жоқ, бірақ оны тапсырғалы жатырмыз. Әділет Ұлдананың анасының пайдасына жәбірленуші мәртебесінен бас тартады", - деді оның өкілі.
Әділет Зейнелдің өзі журналистерге қандай да бір пікір білдіруден бас тартқан.
Мән-жайы
Еске салайық, 2025 жылы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш қаптама мен кондиционер бекіткіші құлаған болатын. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті.
23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан бригада құрамында оқиға орнына келген. Туыстарының айтуынша, қыз алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмекке ұмтылған. Дәл осы сәтте оның үстіне "кірпіш қаптамасы мен кондиционер бекіткіші" құлаған.
Ауыр жарақат алған Ұлдана Мырзуан ауруханаға жатқызылды. Ол он күн бойы жансақтау бөлімінде өте ауыр хәлде жатты, алайда 2025 жылы 18 қарашада көз жұмды.
18 тамызда осы іс бойынша сот отырысы басталды. Айыпталушылар орындығында қайғылы жағдай болған үйдің МИБ (мүлік иелері бірлестігі) төрағасы отыр.
Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттерге адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.
© Tengrinews.kz/Нұрлан Алжабаев
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова