Марқұм Ұлдана Мырзуанның анасы сотта жылап жіберді

Марқұм Ұлдана Мырзуанның анасы сотта жылап жіберді
Фото: Видео кадры

Бүгін марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның анасы Сәлима Ешенқұлова-Омарова сотта жауап берді. Әйел көз жасына ерік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Анасы сотта қызы қайғылы жағдайға тап болған күн туралы айтты.

"Сол күні Шымкентке азық-түлік алуға шығуым керек еді. Ауылдық жерде тұратындықтан, жақын маңда дүкен жоқ, ең жақынына дейін 20-30 минуттық жол бар. Таксиге отырып, қызыммен телефонмен сөйлестім. Ол шақыртуға келгенін, жұмысы біткен соң қайта хабарласатынын айтты", - деді Сәлима Ешенқұлова-Омарова.

Анасының айтуынша, Ұлдана әрбір шақыртудан кейін оған қоңырау шалып, сөйлесіп тұрған.

"Дүкенге кіріп, қажет заттарды сатып алып, кассаға жақындаған 15 минуттың ішінде маған құдағиым - Әділеттің анасы хабарласты. Дауысынан қобалжу сезілді, содан бір жамандықты сезгендей болдым. Өйткені қызым алыста болған соң кез келген ана баласы үшін алаңдайды", - деді Ұлдананың анасы.

Ол Астанаға жетіп, аурухана палатасына кіргенде, қызы қай жерде жатқанын бірден түсіне алмағанын айтты.

"Түсім деп ойладым. Тіпті қасымда жатқан өз қызымды тани алмадым. Ол жерде бірнеше адам болды. Қызыма барлық айтқым келген сөзімді айтып, оны сүйгім келді. Ол шақыртудан кейін маған қайта хабарласуы керек еді ғой. Кейін жансақтау бөлімінің қызметкерлері: "Бұл жерде ұзақ тұруға болмайды" деп, мені сыртқа шығарып жіберді", - деді жәбірленуші қайта көзіне жас алып.

Әйелдің жағдайын ескерген судья үзіліс жариялаған.

Cот отырысы

Айта кетейік, 18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.

Бұған дейін марқұмның жұбайы Әділет Зейнел Ұлдананың анасының пайдасына жәбірленуші мәртебесінен бас тартатыны айтылған еді. Алайда кейін сот бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.

Айыпталушылар орындығында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова отыр. Өткен сот отырысында ол өзін кінәсіз деп санайтынын мәлімдеді.

Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттерге адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.

Мән-жайы

Еске салайық, 2025 жылы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш қаптама мен кондиционер бекіткіші құлаған болатын. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті.

23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан бригада құрамында оқиға орнына келген. Туыстарының айтуынша, қыз алғашқылардың бірі болып зардап шеккендерге көмекке ұмтылған. Дәл осы сәтте оның үстіне "кірпіш қаптамасы мен кондиционер бекіткіші" құлаған.

Ауыр жарақат алған Ұлдана Мырзуан ауруханаға жатқызылды. Ол он күн бойы жансақтау бөлімінде өте ауыр хәлде жатты, алайда 2025 жылы 18 қарашада көз жұмды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget