Отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Талғарда қайтыс болған жасөспірім Шерзаттың отбасына үш тегін қорғаушы тауып берді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Айтым әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Біз Шерзаттың отбасына үш адвокат тауып бердік. Олар тегін көмектесуге келісті. Қазір тергеу жүріп жатыр. Адвокаттар орган өкілдерімен бірлесіп, жәбірленушілерден жауап алып жатыр. Іс бойынша бірнеше сараптама тағайындалған. Жанжал кезінде марқұм баланың әкесі мен ағасы да зардап шеккен, – деді ол.
Еске салайық, Алматы облысының полиция департаменті 16 жастағы Шерзаттың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған болатын.
Айта кетейік, 4 қазанға қараған түні Талғарда жантүршігерлік қылмыс болды. Қолында пышақ пен қаруы бар бір топ жігіт 16 жастағы Шерзат, әкесі мен ағасына шабуыл жасаған. Қаза тапқан жігіттің ата-анасы полицейлер оқиғаға қатысты адамның бәрін ұстамағанын айтып, дабыл қаққан.
Алматы облысының полиция департаменті кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Оқиғаның барлық қатысушылары ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!