- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Марқұм Ержан Серікбаевтың...
Марқұм Ержан Серікбаевтың ұлы жас қызды суицидтен құтқарып қалды
Түркістан облысында суицид жасап, өз өмірімен қоштаспақ болған 24 жастағы қызды аман алып қалған полиция қызметкері марқұм композитор әрі әнші Ержан Серікбаевтың ұлы болып шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға Түркістан облысындағы үйлердің бірінде болған.
Бұл туралы otyrar.kz хабарлады.
Төле би аудандық полиция бөліміне павлодарлық жас жігіт хабарласып, таныс қызы суицид жасауға ниетті екенін айтып көмек сұраған. Полиция қызметкерлері Есенғали Асқарбеков пен Бейбарыс Серікбаев бірден қыздың тұрғылықты мекенжайын анықтап, сол жерге жетеді.
Тәртіп сақшылары үйдің қақпасын қаққанымен, ешкім ашпаған. Содан полицейлер уақытты жоғалтпау керегін түсініп, қақпаның үстінен асып түскен. Сол сәтте үйден бейтаныс әйел жүгіріп шығып, полицейлердің не істеп жатқанын сұрайды. Олар шақырту бойынша келгенін түсіндіреді. Алайда әйел қызының өз бөлмесінде ұйықтап жатқанын айтқан. Тәртіп сақшылары сенімді болу үшін үйді тексермекші болады. Осылайша, олар қыздың бөлмесінде жоқ екенін және ас үйде қоштасу хаты тұрғанын анықтайды.
"Полицейлер үйдің барлық жерін аралап шыққан, бірақ қыз із-түзсіз жоқ. Бейбарыс Серікбаев үйдің төбесіне апаратын баспалдақты байқап, оған көтеріліп, сол сәтте арқанға ілулі тұрған қызды байқаған. Учаскелік қызметкер дереу әріптесін көмекке шақырған. Олардың бірі қызды көтеріп, екіншісі ілмекті кесіп тастайды. Содан кейін полицейлер оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Жансызданған аяқ-қолдарын уқалап, жасанды тыныс алдырып, жедел жәрдем шақырған", - деп хабарлады Түркістан облыстық полиция департаментінің өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында 24 жастағы қыз қоштасу хатын жазып қалдырып, суицид жасамақ болғанын хабарлаған едік.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан