- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Марқұм әлі күнге...
"Марқұм әлі күнге дейін түсіме кіреді". Оралдағы кәсіпкерді өлтірді деген екінші күдікті сот алдында жауап берді
Оралда Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта кәсіпкер Еркін Мұханғалиевтің өліміне қатысты кезекті сот отырысы өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "МОЙ Город" басылымына сілтеме жасап.
Айта кетейік, былтыр тамызда Оралда жантүршігерлік адам өлімі болған еді. Оқиға "Рахат-Лукум" және "Гюльчатай" мейрамханасының иесіне қатысты. Күдіктілер Руслан Қожатаев пен Тұрлан Амангелді кәсіпкерді бірнеше жерінен пышақтап кеткен.
10 наурызда сот басты айыпталушы Руслан Қожантаевтан жауап алған болатын.
Оралдағы кәсіпкердің жантүршігерлік өлімі: басты күдікті марқұмды не үшін өлтіргенін түсіндірді
Кеше, 11 наурызда сот екінші күдікті Тұрлан Амангелдіден жауап алды. Амангелдінің сөзінше, ол Қожантаевпен 2022 жылы мейрамханада ди-джей болып жұмыс істеп жүрген кезінде танысқан.
"Біз бауырлар секілді араласып кеттік, жұма сайын мешітке барып, намаз оқитынбыз. Қайғылы оқиға болған күні Мұханғалиевпен жұмысқа орналасуға қатысты кездескен болатынбыз. Оған дейін мейрамхана иесін танымайтынмын. Сол күні бірінші рет көрдім. Мейрамханасына кәуәп пісіруші немесе ди-джей болып жұмысқа орналасқым келді. Бірақ біз барған кезде ол мейрамханада болмады, әкімші хабарласқан кезде кешке болатынын айтты. Біз Халидпен (күдікті Руслан Қожантаев өзін солай атайды - еск.) мешітке барып, намаз оқып, кешкі асымызды ішіп, 19.00-ге қарай мейрамханаға қайтадан келдік. Мұханғалиев "Рахат-Лукумда" отырды, біз амандасып, Халид оң жағына, мен сол жағына отырдым, марқұм қарама-қарсы отырды, қасында қызы болған, бірақ ол артынан кетіп қалды. Халид жұмыс жайлы сөз қозғай бастады. Мұханғалиев маған бірнәрсе айтқандай болды, мен дұрыс естімей, қасына отырдым. Сол кезде Халид пен Еркін сөзге келіспей қалды. Халид пышақты алып Мұханғалиевтің мойнына сұғып алды. Мен қатты шошып, орнымнан атып тұрдым. Адамнан қан атқылағанын бірінші рет көруім", - дейді күдікті Тұрар Амангелді.
Артынша, оның сөзінше, мейрамхана әкімшісі келген. Қожантаев оны пышақпен шошытып, ал Амангелді әкімшінің қасына барған. Сол кезде Мұханғалиев терезеден шығып, қашып кеткен, ал Қожантаев оның арқасына бірнеше рет пышақ сұғып алған.
"Халид маған заттарды алып, қашуымды айтты. Мұханғалиев қашып бара жатып шалынып, құлап түсті. Халид оның басынан бірнеше рет ұрып, менің барсеткамнан пышақты алып, тағы бірнеше рет пышақтады. Мен оны тоқтатуға тырыстым. Мұханғалиевті тепкен емеспін, шок жағдайында болдым, есімде ештеңе жоқ. Тергеу кезінде мен әкімшіге қоқан-лоқы көрсетіп, Мұханғалиевті тепкенімді айттым, бірақ шын мәнінде олай болған жоқ. Шок жағдайында болдым, ал тергеушілер маған психологиялық қысым көрсетті. Артынша тағы бір қызметкер маған тағы бірнеше іс бойынша айып тағатынын айтты. Ұстаған кезде бізді бірнеше жерімізден ұрды. Оны растайтын анықтама бар, бірақ ешқандай шара қолданылған жоқ", - дейді Тұрлан Амангелді.
Ол Руслан Қожантаевпен адам өлтіру бойынша алдын келіспегенін, Мұханғалиевтің өліміне қатысы жоқ екенін айтады. Ал пышақты жұмыстан кеш шығатындықтан өзін қорғау мақсатында үнемі ұстап жүретінін айтады.
"Мен Мұханғалиевті өлтірген жоқпын, Қожантаевқа көмектеспедім. Ол жерде кездейсоқ болған адаммын. Марқұм әлі күнге дейін түсіме кіреді", - дейді айыпталушы Тұрлан Амангелді.
Еске салайық, бұған дейін тағы бірнеше куәгер қанды қылмысқа қатысты тың деректер айтқан болатын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина