Хит әндердің авторы әрі орындаушысы Мархаба Сәби кейінгі кезде танымал болған "Демалам" және "Қыз-бозбала" әндерін қалай жазғанын баяндап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесі бұл туралы "1001 түн" бағдарламасында сөз қозғады.
"Екі әнді жариялағанда арасында бір ай ғана уақыт өтті. Алайда "Демалам" әнін осыдан бір жыл бұрын шығарғанмын. Кейбір әндер осылай ұзақ піседі. Ұзақ жатып қалды. Қайырмасын шығарып, шумақтарын пісіруге ұзақ уақыт кетуі мүмкін", - деді ол.
Әншінің айтуынша, "Қыз-бозбала" әнінің шығуына кішкентай қызы себеп болған.
"Қыз-бозбала" әні бірден шықты. Мені бұл әнге шабыттандырған - қызым. Менің музам да - қызым. Кейде қызымның шабыты ұстаса, "Мама, жүрші ән айтып берейінші" дейтіні бар. Жаздың кезінде далаға шығып бір ән айтып берді. Осы сәтте шабыттанып, қызымның арқасында осы ән өмірге келді", - деді Мархаба Сәби.
Өнер иесінің айтуынша, әндерінің көбі аяқасты шығады екен. Әсіресе ұйықтар алдында немесе ұйықтап тұрғанда керемет туындылар ойға келеді екен.
"Қой, күрсінбе", "Ұнайды маған" деген әндерім сондай сәтте пайда болды. Ұйқыдан ояна салған кезде қайырмасы айналып тұрды ойымда. Әні мен сөзі бірге туады", - дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін Мархаба Сәби отбасылық өмірі, күйеуімен қарым-қатынасы туралы айтқан болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!