- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Иттердің атылуы
Марат Ахметжанов Қосшыдағы иттердің атылуына қатысты пікір білдірді
Қосшыда иттер атылған. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов мәлімдеп, мәселені жеке бақылауына алғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде Қосшыда иттер жаппай атылып жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Тұрғындардың айтуынша, өлтірілген жануарлардың арасында үй жануарлары да болған.
Бұл мәселе Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтан Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есеп беру брифингінде сұралды.
"Қосшы қаласында иттердің өліктері табылған жағдай тіркелді. Бұл мәселені жеке бақылауыма алдым. ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы бойынша (жануарларға қатыгездік көрсету) қылмыстық іс қозғалды. Қазір соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Барлық жағдайлар анықталып, кінәлілер жауапкершілікке тартылады", - деп уәде берді әкім.
Сонымен қатар облыс әкімі келесі жылы Астанада иттерге арналған мемлекеттік баспана салынатынын хабарлады.
"Иттерге қатысты мәселені кешенді түрде шешу қажет. Осыған байланысты Астана әкімдігімен меморандумға қол қойдық. (...) Біз қазір үлкен жер телімін бөліп отырмыз - Астана қаласы мемлекеттік баспана құрылысын бастайды. Бүгінгі таңда бізде иттерді ұстауға мүмкіндік жоқ, сондықтан келесі жылы баспана құрылысы басталады", - деп толықтырды Марат Ахметжанов.
Еске салайық, бүгін Атырау облысында Пшөн есімді батыр иттің атылғаны белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек