- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Марат Ахметжанов балалар...
Марат Ахметжанов балалар қысылған Көкшетаудағы мектепке барды
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов №1 мектеп-гимназияға барып, мектепте болған жағдайды талдап, педагогикалық ұжыммен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі өңір әкімдігіне сілтеме жасап.
7 қыркүйекте мектептің дәлізінде оқушылар қысылып қалған. Бұл туралы видео әлеуметтік желіде тарап кетті. Видеода кейбірі еденге құлап, кейбірі жылап жатыр.
Оқу орнын аралау барысында Марат Ахметжанов қауіпсіздік жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі және аумақтың айналасында жол белгілерінің аңық көрінбеуіне қатысты ескерту жасады.
"Мен басқа кіреберістен кедергісіз кірдім, дабыл түймесі жұмыс істемейді, жаяу жүргіншілер жолы байқалмайды. Мемлекет басшысы бірінші кезекте балалардың тиісті жағдайлары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударады. Қала әкімі мен білім басқармасына барлық мемлекеттік және жеке мектепті тексеруді тапсырамын", - деді өңір басшысы.
Білім басқармасының мәліметінше, бұл дерек 2023 жылғы 7 қыркүйекте сағат 19:30-да оқу сабақтары аяқталғаннан кейін, мектеп дәлізіне барлық сынып бір уақытта оқу кабинеттерінен шыққан кезде болған.
Қазір мектеп әкімшілігі оқушылардың үзіліске шығу және сабақтан шығу кестесін реттеді. Мектеп директоры, тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, Көкшетау қаласының №1 мектеп-гимназиясында барлығы 2866 оқушы оқиды. Мектептің жобалық қуаты - 1440 орын. 2021 жылы мектепте бастауыш сыныптарға арналған 600 орындық қосымша оқу корпусы енгізілді. Мектепте екі ауысымдық оқыту бар.
Еске салайық, Көкшетаудағы мектептердің бірінде балалардың қысылып қалғаны видеоға түсіп қалған еді. Видеода кейбірі еденге құлап, кейбірі жылап жатыр. Білім басқармасы тексеру жүргізді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек