Бүгін, 21 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты "Архитекторы будущего" заңсыз қорының негізін қалаушыға қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Күдікті Марат Әбиев қызметі азаматтарды құқыққа қайшы әрекеттер жасауға ынталандырумен ұштасатын қоғамдық бірлестікті (ҚК 404-бабының 1-бөлігі), сондай-ақ қоғамдық шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті бұзу қаупін тудыратын жалған ақпарат таратумен айналысқан қоғамдық бірлестікті құрды және оған басшылық жасады (ҚК 274-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) деп айыпталды.
2019 жылы Марат Әбиев ауыл шаруашылығын дамыту, дәнді-бұршақты және майлы дақылдарды, оның ішінде тұқым шаруашылығын өсірумен айналысатын компания құрған. 2020 жылдың мамыр-маусым айларында ол Канададан Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының егістіктеріне егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын әкелген.
"2020 жылдың тамыз айында нақты өнімділікті білмей тұрып, егін жинауға дейін, оның компаниясының тиімділігі туралы азаматтарда жалған түсінік қалыптастыру мақсатында А. "Архитекторы будущего" фильмін түсірді. Бұл фильмде 35-50 ц/га көлемінде бидай егінінің орасан зор нәтижелерін алу туралы көрінеу жалған ақпарат айтылған, бұл Қазақстан бойынша өнімділіктің 400 пайызына жоғары. Алайда, 2020 жылы нақты жиналған бидай өнімі тек 11,44-тен 20,4 ц/га-ға дейін болды", - деп хабарлады сот.
2020 жылдың қыркүйегінде А. аталған фильмде таратылатын ақпараттың жалған екенін біле тұра, оны YouTube-те жариялаған..
"Сонымен қатар 2020 жылдың қазан айында ол мемлекеттік органдарға өз компаниясының жобасын жүзеге асыру үшін егістік жерлерді беруді талап еткен. Осы өтініштерде ол сондай-ақ Солтүстік Қазақстан бойынша көрсеткіштен 4 есе асатын Канададан алынған тұқымдар негізінде қол жеткізген өнімділігі туралы көрінеу жалған ақпаратты көрсетті", - деп хабарлады Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.
Бұдан әрі күдікті 2021 жылғы қаңтарда ҚР бойынша 15-тен астам филиал аша отырып, Genezis қауымдастығын ("Архитекторы будущего" қоры) заңды тіркеусіз құрды.
Осы бірлестіктің қызметі аясында А. Үкіметке 5 млн. гектар жер беруді талап етіп, петицияға қол жинауды ұйымдастырған. Барлығы 300 мыңға жуық адам адастырылып, петицияға қол қойған.
2022 жылғы 8 мамырда тегін концерт түріндегі митинг өткізу мақсатында Қазақстанның түкпір-түкпірінен Genezis бірлестігінің қатысушыларын Астанаға шақырған. Алайда, іс-шара өткізілген жоқ.
"Әрі қарай, 2022 жылдың 26 қарашасында А. Астана қаласындағы түнгі клубта 300-ден астам адамды жинап, онда "Архитекторы будущего" фильмін көпшілік алдында көрсетіп, оның жобасын мақұлдауды талап ету мақсатында жиналғандарды "Ақорда" бағытында митингке шығуға шақырды. Заңсыз акцияға қатысушылардц құқық қорғау органдары ұсталды", - деп хабарлады ведомство.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, мамандардың қорытындыларымен, жүргізілген сараптамалармен, заттай дәлелдемелермен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Сот үкімімен А. ҚК-нің 274-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында, 404-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстар жасағаны үшін кінәлі деп танылды және қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша 5 жыл мерзімге қоғамдық бірлестіктерді құруға және басқаруға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде жас балаларының болуы мен соттылығының жоқтығын таныды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!