Шығыс Қазақстан облысында ауыр қылмыстардың көбі ішімдіктің салдарынан жасалады. Бұл туралы облыстық Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Орал Рыспаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, биыл қоғамдық орындарда ішімдік ішу, ұсақ бұзақылық жасау және бөтеннің мүлкін бүлдіруге қатысты 66 мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.
"Биыл аса ауыр қылмыстардың, соның ішінде адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, қарақшылық, тонау және қорқытып алу деректерінің барлығы ашылды. Ауыр және аса ауыр қылмыстың бәрі мас күйде жасалады", – деді Орал Рыспаев.
Полиция қызметкерлері өңірде ішімдікке тәуелділіктің кең таралуына әлеуметтік жағдайдың төмендігі, тұрмыстық қиындықтар мен жұмыссыздық әсер етіп отырғанын айтады.
Полицияның бағалауынша, қылмыстардың жартысынан астамын жұмыссыз азаматтар жасайды. Сондықтан бұрын сотталған адамдарды жұмыспен қамтуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Олардың қоғамға қайта бейімделуіне көмектесу үшін жергілікті атқарушы органдармен және пробация қызметімен бірлесіп бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып, жұмысқа орналасуына қолдау көрсетіледі.
Биыл Шығыс Қазақстан облысындағы 28 ауылдың тұрғындары жалпы жиналыс өткізіп, ішімдіктен бас тарту туралы шешім қабылдаған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz