Қызылорда облысының Арал ауданында 9 жастағы баланың көлік жүргізгені анықталды. Полицейлер бала рөлде отырған видеоны әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде байқаған, деп хабарлайды Massaget.kz.
Оқиға күндіз аудан көшелерінің бірінде болған. Бейнежазбаны тексерген полиция қызметкерлері Toyota Sienna көлігін 9 жастағы бала басқарғанын анықтады.
Тексеру барысында көлік баланың әкесіне тиесілі екені белгілі болды. Баланы тәрбиелеу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған айыппұл салынды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері баламен және оның ата-анасымен профилактикалық түсіндіру жұмысын жүргізді.
Полиция ата-аналарды балаларының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды. Кәмелетке толмағандардың көлік жүргізуіне жол бермеу, көлік кілтін балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау және олардың әрекеттерін мұқият қадағалау қажет екенін ескертті.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
О. Сансызбай