Астанада кәмелетке толмаған бала дәмханаға соғылды

Астанада кәмелетке толмаған бала дәмханаға соғылды
Фото: Tengrinews.kz оқырманы ұсынған сурет

Астанада автокөлік дәмхананың терезесіне соғылды. Оқиға кезінде көлікті кәмелетке толмаған бала тізгіндеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға елорданың оң жағалауында болған. Дәмхананың терезесіне соғылған көліктің суреттерін оқырман редакцияның нөміріне жолдаған.

Астана қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты өткен жұмада болған.

"Daimler Chrysler жүргізушісі көлігін қараусыз қалдырып, дүкенге кеткен. Осы кезде оның кәмелетке толмаған ұлы рөлге отырып, көлікті оталдырған. Салдарынан көлік қозғалып кетіп, дәмханалардың бірінің ғимаратына соғылып, терезесін сындырған", – деп хабарлады полиция.

Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Ал көлік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Сонымен қатар, жүргізуші кәмелетке толмаған баласын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін де жауапқа тартылады. Дәмханаға келтірілген материалдық шығын өтелуге тиіс", – деп толықтырды полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицейлер ата-аналарға қауіпсіздік талаптарын сақтап, балаларын көлікте қараусыз қалдырмау керегін ескертті.

Еске салайық, өткен жазда Астанада 18 жастағы Hyundai Accent жүргізушісі көкөніс сататын дүңгіршекке соғылған еді. Салдарынан дүкен ішінде болған 15 жастағы қыз жарақат алған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget