Қарағанды облысында ер адам өз әйеліне пышақ ала жүгірген. Жарақат алған 28 жастағы әйел ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде Абай қаласында ер адамның әйеліне 20-дан аса рет пышақ сұққаны туралы ақпарат тарады. Қарағанды облыстық полиция департаменті оқиғаның болғанын растады.
Ведомство мәліметінше, 6 қарашада жедел жәрдем диспетчерінен полицияға оқиға туралы хабар түскен.
"Алдын ала мәлімет бойынша, 34 жастағы ер адам мен оның әйелі сөзге келген. Жанжал кезінде ер адам әйелін пышақтаған", – деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде 26 жастағы әйелдің кісі қолынан қаза тапқаны хабарланған еді. Қылмысқа оның 31 жастағы бұрынғы күйеуі күдікті деп танылған. Ерлі-зайыптының артында төрт жасар қызы қалды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz