Көкшетаудағы тұрғын үйлердің бірінің жертөлесінен Ақмола облыстық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімі қызметкерінің мәйіті табылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі region03.kz-ке сілтеме жасап.
Өңірлік полиция департаменті оқиға дерегін растады. Бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр", – деп хабарлады Ақмола облыстық ПД өкілдері.
Кейінгі бір жарым айда Көкшетауда сот саласының екі қызметкері қаза тапты.
Қыркүйекте Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің 27 жастағы басшысы Аян Дүйсековтің қайтыс болғаны хабарланған еді. Сол кезде марқұмның туыстары оған жұмыс орнында қысым көрсетілген болуы мүмкін екенін айтқан. Олардың сөзінше, бұған Дүйсековтің сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық туралы мәліметтерден хабардар болуы себеп болуы мүмкін.
Алайда Сот әкімшілігі бұл айыптауларды жоққа шығарды. Дүйсековтің өлімінен кейін "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сот саласының екі қызметкерінің қазасы бір-бірімен байланысты ма, әзірге белгісіз. Оқиғалардың мән-жайын тергеу анықтайды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz