Дархан Сатыбалды Алматыдағы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуын бақылауды күшейтуді тапсырды

Дархан Сатыбалды Алматыдағы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуын бақылауды күшейтуді тапсырды

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру мәселесі бойынша кеңес өткізді. Жиында инфрақұрылым нысандарын салу, цифрландыру, кәсіпкерлікті дамыту және халықтың табысын арттыру жайы талқыланды.

«Мемлекет басшысы Жолдауының басты бағдары – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Біздің жұмысымыз алматылықтардың табысын арттыруға және қаладағы өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталуға тиіс», – деді Дархан Сатыбалды.

Оның айтуынша, биыл Инфрақұрылымды дамыту қорының қаражаты есебінен жалпы сомасы 238 млрд теңге болатын 14 қалалық жобаға қолдау көрсетілді. Оның ішінде 76 млрд теңгеге жеті әлеуметтік жоба және 161,7 млрд теңгеге жеті инфрақұрылымдық жоба бар.

Олардың қатарында медициналық мекемелер, Қазақстан гимнастика федерациясының ғимараты, коллекторлар мен «Ақсай» су тарту нысаны, метро желісін «Барлық» базарына дейін ұзарту, Солтүстік айналма көшесі, сондай-ақ Алматы тау кластерінің инженерлік инфрақұрылымы мен аспалы жолдарын салу жобалары бар.

Шаһар басшысы орынбасарларына әр жобаны жеке бақылауға алып, жұмыс кестесін әзірлеуді, құрылыс мерзімдерінің сақталуын, жұмыстың сапасы мен құнының бақылауда болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Тиісті басқармалар алдағы жылдары салынатын нысандар үшін жер телімдерін, техникалық шарттар мен жобалық құжаттаманы алдын ала дайындауы қажет», – деді Дархан Сатыбалды.

Кеңесте қала инфрақұрылымының цифрлық егізін құру мәселесіне ерекше назар аударылды. Алматы әкімінің айтуынша, ол инженерлік желілер, әлеуметтік нысандар және көлік жүктемесі туралы деректерді біріктіріп, қаланың дамуын жоспарлау кезінде пайдаланылуға тиіс. Сонымен қатар Дархан Сатыбалды цифрлық шешімдердің нақты тиімділігі мен оларды одан әрі күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды бағалауды тапсырды.

Жол саласында Дархан Сатыбалды құрылыс пен жөндеу жұмыстарының сапасына бақылауды күшейтуді талап етті. Сондай-ақ жаңадан төселген асфальтты қайта қазуға жол бермеу үшін жол жұмыстарын инженерлік коммуникацияларды тарту жұмыстарымен үйлестіру қажеттігін атады.

Сумен жабдықтау саласында желілердегі су шығынын азайту, цифрлық есепке алу жүйесін енгізу және автокөлік жуу орындарын қосқанда, суды қайта пайдалану жүйесіне көшу мүмкіндігін пысықтау міндеті қойылды.

Сонымен қатар Алматы әкімі құрылыс материалдарын, металл құрылымдарын және инженерлік жабдықтар шығаратын жергілікті кәсіпорындардың тізімін жасауды тапсырды. Оның айтуынша, Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, әкімшілік кедергілерді азайту және 2027 жылы 1 қаңтардан бастап бизнесті тексеруге ұсынылып отырған үш жылдық мораторийдің шарттары бойынша ұсыныстар әзірлеу қажет.

Кеңесте Салық кодексін қолдану жайы да қаралды. Экономика және қаржы басқармасына Мемлекеттік кірістер департаментімен және кәсіпкерлермен бірлесіп, туындаған мәселелерді жинақтап, Ұлттық экономика министрлігімен ұсыныстарды пысықтау тапсырылды.

Бұған қоса, Алматы әкімі қала тұрғындарын жаңадан ашылатын жұмыс орындарына, оның ішінде инфрақұрылымдық құрылыс нысандарына жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу міндетін қойды.

Кеңес соңында Дархан Сатыбалды барлық қалалық басқармалар мен аудан әкімдеріне үш күн ішінде Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі қалалық жоспарға ұсыныстар енгізуді тапсырды. Экономика және қаржы басқармасы әкім аппаратымен бірлесіп, бір апта ішінде жауапты тұлғалар, орындалу мерзімі мен күтілетін нәтижелер көрсетілген жиынтық құжат әзірлеуге тиіс. Ал жетекшілік ететін әкім орынбасарларына оның орындалуын тоқсан сайын бақылау жүктелді.

«Әрбір басшы бағыты бойынша нәтижеге жауап береді. Біздің жұмысымыздың басты өлшемі – нысандарды уақытылы пайдалануға беру, қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру», – деп сөзін түйіндеді Дархан Сатыбалды.

Алматы қаласы әкімдігі ұсынған материал

О. Сансызбай
Logotype Massaget