Қарағанды облысында заңсыз кен өндіру схемасы әшкере болды

Қарағанды облысында заңсыз кен өндіру схемасы әшкере болды
Фото: ҚМА

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті Балқаш қаласына қарасты Саяқ ауылы маңында темір мен марганец кенін заңсыз өндіру схемасын тоқтатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Схема қалай жүзеге асқан?

Агенттік мәліметінше, бұл жұмысты Vertex Co. және MiningMetall ЖШС директоры ұйымдастырған. Кен өндіру жұмыстары жер қойнауын пайдалануға қажет рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген. Кен орындарын игеруге жалдамалы жұмысшылар мен экскаваторлар, тиегіштер, кен ұсататын қондырғы сияқты арнайы техникалар тартылған.

Өндірілген кен ұсатылып, кейін сыртқа шығару және сату үшін теміржол станциясына жеткізіліп отырған.

Келген шығын көлемі

Тексеріс барысында жердің үстіңгі қабаты ауқымды көлемде аршылып, кен қазылған үш карьер анықталған. Қазып алынған топырақтың жалпы көлемі 338 мың текше метрге жеткен.

Мамандардың есебінше, бүлінген жерді қалпына келтіріп, карьерлерді қайта өңдеуге жарамды күйге келтіру үшін 485 млн теңге қажет.

Соттың рұқсатымен екі арнайы техникаға, бір көлікке және коммерциялық үй-жайға тыйым салынды. Күдіктіге кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget