Әлеуметтік желілерде Tarlan Astana жолаушылары пойыздар ресми түрде сағат 23:00-ге дейін қатынайтынына қарамастан, кешкі уақытта кейбір станцияларға кіргізбейтініне шағымданып жатыр. Tengrinews.kz пікір алу үшін City Transportation Systems (CTS) компаниясына жүгінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кейбір қолданушылар сағат 21:00-22:00-ден кейін LRT-ға міне алмағанын жазған.
Қала тұрғындарының айтуынша, осы уақыттан бастап станцияларға жолаушылар кірігізілмейді.
Дегенмен кешкі уақытта LRT-мен қажет бағытқа кедергісіз жетіп алғандар да бар.
Әлеуметтік желіден алынған скриншот
Әлеуметтік желіден алынған скриншот
Әлеуметтік желіден алынған скриншот
Әлеуметтік желіден алынған скриншот
Ал кейбір тұрғындар CTS-тен LRT жұмысын тәулік бойына ауыстыруды сұраған.
Әлеуметтік желіден алынған скриншот
CTS компаниясына Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына жауап бере отырып, Tarlan Astana пойыздары күн сайын сағат 06:00-ден 23:00-ге дейін қатынайтынын айтты. Бірақ жолаушы кез келген станцияға 23:00-ге дейін кіре алады деген сөз емес.
Ал әр станцияның есігі соңғы пойыз келерден бес минут бұрын жабылады.
"Жолаушыларды кіргізу уақыты соңғы пойыздың әр станциядан қай уақытта өтетініне қарай белгіленеді. Желінің сағат 23:00-ге дейін жұмыс істейтіні пойыздардың бекітілген кесте бойынша қозғалысын қамтиды", – деп түсіндірді CTS.
Демек, барлық станция бір уақытта жабылмайды. Әр станцияның жабылу уақыты оның орналасуына және соңғы пойыздың қай бағытта жүретініне байланысты.
Жолаушылардың шағымына қандай жауап берілді?
Біз CTS-тен әлеуметтік желіде тараған тағы бір ақпаратқа қатысты да сұрадық. Кей жазбаларда кейбір станцияларда жұмысшылар сағат 21:00–22:00-ден кейін жолаушыларды кіргізбей, бұған "соңғы пойыз өтіп кетті" деп түсіндіретіні айтылған.
Компания бұл ақпараттың расталмағанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, CTS кейбір станцияларда жолаушыларды кіргізу шынында да соңғы пойыз соңғы станцияға жетпей тұрып тоқтатылуы мүмкін екенін түсіндірді.
"Соңғы пойыздың станциялардан өту уақыты оның бағыты мен станцияның орналасуына қарай әртүрлі болады. Сондықтан кейбір станцияларда жолаушыларды кіргізу соңғы пойыздың соңғы станцияға жету уақытынан ертерек тоқтатылуы мүмкін", – деп хабарлады компания.
Tarlan Astana іске қосылғалы бері CTS-ке жолаушылардан сегіз өтініш түскен. Компания мәліметінше, әр өтініш бойынша бейнебақылау камераларының жазбалары мен кезекші қызметкерлердің мәліметтері негізінде тексеру жүргізіліп жатыр.
Tarlan Astana-ның жұмыс уақытын ұзартуы мүмкін бе?
Әзірге Tarlan Astana-ның жұмысын күн сайын сағат 23:00-ден кейін ұзарту жоспарланып отырған жоқ. Алайда ірі қалалық іс-шаралар кезінде жолаушылар ағынына қарай кесте өзгеруі мүмкін.
Мұндай жағдайда LRT жұмысы шамамен 30 минутқа ұзартылуы ықтимал. Жолаушылар саны көбейсе, CTS желіге қосымша пойыз да шығара алады. Қазір күн сайын 14 пойыз қатынайды.
CTS күзгі-қысқы кезең басталғанда да қозғалыс кестесін өзгертуді жоспарлап отырған жоқ.
Бұған дейін Қазақстанда LRT нысандарында жұмыс істейтін көліктегі жеке полиция басқармасы құрылатыны белгілі болған. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz