Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті астық импортына қатысты заңсыз схеманың жолын кесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тергеу дерегінше, импортталған астық Қазақстанда өндірілген өнім ретінде Орталық және Оңтүстік Азия елдеріне экспортталған. Тергеу мәліметі бойынша Қазақстан аумағы арқылы жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын 130 мың тонна астық экспортталған.
Астық Өзбекстанға, Ауғанстанға, Тәжікстанға жеткізілген. Схеманы іске асыру үшін жалған басшылардың атына коммерциялық ұйымдар тіркелген. Кейін бұл компаниялар мен отандық шаруа қожалықтары арасында астық сатып алуға қатысты жалған шарттар рәсімделген.
Осылайша, астыққа Қазақстанда өндірілген өнім түрі беріліп, оны тасымалдау кезінде жеңілдетілген тариф қолданылған.
"Астық экспортына қатысты схемада Bakery Nan, KazGrano, Perfect Seed, Weizen және Golden Grain Kazakhstan ЖШС-лары пайдаланылған. Транзиттік тариф төленбеуі салдарынан "ҚТЖ - Жүк тасымалы" ЖШС-ға 1 млрд теңгеден аса залал келген. Сонымен қатар, күдіктілер салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алудан және кредиторлар алдындағы міндетін орындаудан жалтару үшін өздерінің бақылауындағы экспорттаушы компаниялардың шоттарынан үлестес ұйымдардың шоттарына ақша аударып, кейін банкроттық туралы талап арыздар берген. Бұл әрекеттер мемлекет мүддесіне 1,2 млрд теңге көлемінде залал келтірген. Бұл іс бойынша бес адам күдікті деп танылды", - деп жазылған хабарламада.
Соталды тергеп-тексеру аяқталған. Процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысуға кіріскен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова