Маңғыстауда ысталған балық жеген отбасы жансақтау бөліміне түскен

Маңғыстауда ысталған балық жеген отбасы жансақтау бөліміне түскен
Фото: depositphotos.com

Маңғыстау облысында үй жағдайында ысталған балық жеген бір отбасы ауыр хәлде жансақтау бөліміне түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ-ке сілтеме жасап.

Алдын ала болжам бойынша улануға үй жағдайында дайындалып, тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған ысталған балық себеп болған. Зардап шеккендер бұл өнімді 17 қыркүйекте жеген.

Аурудың алғашқы белгілері 18 қыркүйекте кешке байқалып, науқастар медициналық көмекке 19 қыркүйекте ғана жүгінген.

Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс эпидемиологы Марал Қадырдың айтуынша, ботулизм белгілерімен үш ересек пен бір бала ауруханаға жеткізілген.  

"Ауруханаға түскен кезде олардың жағдайы ауыр деп бағаланды. Науқастарда әлсіздік, бас айналу, жұтыну мен көру қабілеті нашарлауы, тамақ құрғауы, көз бұлдырауы және естен тану белгілері байқалды", - деді Марал Қадыр.

Мамандардың айтуынша, зардап шеккендердің жағдайы ауыр, қазір олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Науқастарға ем жасалып жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget