Көлік өртеніп, үш адам қаза тапты: жанармай бекетінің иесі ұсталды

Көлік өртеніп, үш адам қаза тапты: жанармай бекетінің иесі ұсталды
Фото: Видео кадры

Ақтөбедегі жанармай бекеттерінің бірінде көлік жарылып, үш адам қаза тапты. Полиция бұл дерек бойынша тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полиция не дейді?

Ведомство мәліметінше, жанармай құю бекетінде Honda автокөлігі өртенген.

"Қайғылы оқиға салдарынан үш адам, соның ішінде екі бала қаза тапты. Тағы бір зардап шеккен адам ауыр күйікпен ауруханаға жатқызылды. Бұл дерек бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Ақтөбе облысының полициясы.

Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатқаны нақтыланады.

"Жанармай бекетінің иесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды", - деп хабарлады ПД-дан.

Мән-жай

Бұған дейін желіде Ақтөбедегі Бөгенбай батыр көшесінің бойында орналасқан жанармай бекетінің аумағында көліктің өртенгені туралы ақпарат тараған еді. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде жарияланды.

ТЖД не дейді?

Ведомствоның мәліметінше, 19 маусымда сағат 22:55-те 112 пультіне Ақтөбе қаласы Бөгенбай батыр көшесіндегі жанармай бекетінің аумағында көліктің өртенгені туралы хабарлама түскен.

"Өртті сөндіру барысында автокөлік салонынан үш адамның мәйіті табылды, оның екеуі кәмелетке толмағандар. Зардап шеккен бір адам медициналық мекемеге жатқызылды", — деп хабарлады қалалық ТЖД.

Өрт шақырту түскеннен кейін сегіз минуттан соң, сағат 23:03-те толықтай сөндірілді. Оқиға орнында ТЖД-ның 50-ге жуық қызметкері мен 10-нан астам техникасы, соның ішінде Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмыс істеді.

ТЖД мәліметінше, өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Оқиға дерегі бойынша қажет жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget