Атырау облысында жоғалған отбасы: Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты жаңа дерек шықты

Атырау облысында жоғалған отбасы: Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты жаңа дерек шықты
Фото: ІІМ

Атырау облысындағы бір отбасының өліміне қатысты жаңа мәлімет пайда болды. Өңір прокуратурасы өкілдері күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқағалиеваның қылмысқа қатысы бар-жоғын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәліметінше, қазір қылмыстық іс бойынша соталды тергеп-тексеру аяқталып, іс сотқа жолданған.

"А.Мұқанғалиеваға тағайындалған сот-психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысы шығуы керек. Сараптама қорытындысы тергеу органына ресми түрде түскеннен кейін оған тиісті құқықтық баға беріледі. Бұл қылмыстық құқықбұзушылықты С.Сәрсемәлиев жеке өзі жасаған. Қылмысты жасауға өзге адамдардың қатысы бары анықталған жоқ", - деді прокуратура өкілдері.

Ақбаян Мұқанғалиеваның отбасы мүшелерінің өліміне қатысы болмауына байланысты оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған.

"Қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс жүргізу аясында соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр", - деп толықтырды прокуратура өкілдері.

Атырау облысында жоғалған отбасының ісі

Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуіне де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды:

  • 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
  • 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
  • 35 жастағы қыздары Мейрамгүл Қарабалина;
  • 32 жастағы ұлдары Наурыз Мұқанғалиев.

Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, жедел тергеу тобы құрылды.

Атырау облысы ПД

6 қаңтарда ерлі-зайыпты сарайдың ішінен өлі табылды. 8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, марқұмдардың балаларын іздеу жұмыстары жалғасты. Кейін олар да өлі табылды.

Tengrinews.kz

Күдікті туралы

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызына да халықаралық іздеу жарияланды. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.

Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысы Полиция департаменті жүргізді.

qamqor.gov.kz

24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні және марқұмдардың кіші қызын Индонезияда ұстағаны белгілі болды. Марқұмдардың қызы да күдікті ретінде танылды. 

Кейінірек ІІМ баспасөз қызметі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты Қылмыстық кодекстің мына баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады:

  • 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары - "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";
  • 188-баптың 2-бөлігі - "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық";
  • 190-бап - "Алаяқтық".

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget