Қасым-Жомарт Тоқаев пен Андрей Бабиш кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Екі ел делегацияларының қатысуымен өткен келіссөз барысында Президент өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтудың әлеуеті мол екеніне тоқталды.
"Екіжақты саяси ынтымақтастық пен экономикалық қарым-қатынастың болашағы зор деп санаймын. БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы миссияларымыз тығыз жұмыс істеп, диалогты тұрақты түрде сақтап келеді. Көптеген бағыт бойынша байланыстарымызды дамытуға мүмкіндік жеткілікті", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Чехияның сындарлы әрі прагматикалық сыртқы саясатына жоғары баға берді. Президенттің айтуынша, екі ел арасындағы саяси диалог сан қырлы серіктестікке қолайлы жағдай жасайды. Парламентаралық ықпалдастық қарқынды дамып келеді.
Мемлекет басшысы Чехия Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екеніне назар аударды.
"Тауар айналымының динамикасы көңіл көншітерліктей. Әрине, біз алдағы уақытта да сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ниеттіміз. Бүгінде елімізде 190-нан аса чех компаниясы жұмыс істеп жатыр, соның ішінде Škoda, Omnipol, Tatra және ZVVZ секілді маңдайалды кәсіпорындар мен басқа да өндіріс саласындағы сенімді әріптестеріміз бар. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Андрей Бабиш бүгінгі сапар екіжақты қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын айтты.
"Біз Қазақстанды стратегиялық серіктес санаймыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымының көлемін арттырамыз деп сенемін. Ең алдымен, энергетика саласындағы ықпалдастықты нығайтқымыз келеді. Сіздің елден ұзақ мерзімді мұнай тасымалына мүдделіміз. Энергетика саласын дамыту стратегиямыз атом энергиясына арқа сүйейді. Сондықтан Қазақстанға әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекет ретінде де қызығушылық танытамыз", – деді Чехия премьер-министрі.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова