Шымкенттік автоблогер әрі заңгер Руслан Жанпейісов полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін кінәлі деп танылды. Қалалық әкімшілік соттың шешімімен оған 4 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды. Жаза мерзімі 22 сәуірден бастап есептеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
22 сәуірде полиция қызметкерлері Бейбарыс Райымбековті, көпшілікке Руслан Жанпейісов ретінде танымал блогерді, жұмыс орнында ұстаған.
Ол уақытша ұстау изоляторына жеткізілгеннен кейін оған қатысты хаттама толтырылған. Алғашында оған Қызылорда облысының полиция қызметкерлері Бәйдібек би даңғылында жүргізген рейд кезінде олардың заңды талабына бағынбады, жұмысына кедергі келтірді және құрметсіздік танытты деген айып тағылған.
Алайда бұған дейін сот оның әрекетінен әкімшілік құқықбұзушылық құрамын таппай, істі тоқтатқан.
Кейін басқа іс аясында Жанпейісовтің Тәуке хан көшесінде рейд жүргізіп жатқан Қарағанды облысы полиция қызметкерлеріне жақындап, олардың әрекетін видеоға түсірген эпизодтары қаралды. Бұл жазбалар іс материалдарына дәлел ретінде тіркелген.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Шымкент қаласы полиция департаментінің мәліметінше, блогер қала жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша рейд өткізіп жатқан полиция қызметкерлерінің заңды жұмысына әдейі араласқан.
"Қызмет атқару кезінде оның патрульдік полиция қызметкерлеріне бірнеше рет жақындап, олардың заңды талаптарын елемей, жүргізіліп жатқан шараларға араласқаны, жұмысқа кедергі жасап және жанжал тудыруға түрткі болған. Оның іс-әрекеттері көпшілік алдында жасалғанын және билік өкілдеріне ашық құрметсіздік танытумен қатар жүрген. Бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, ол құқыққа қайшы әрекеттерін тоқтатпады", — деп хабарлады полициядан.
Шымкент қалалық ПД ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі келтірудің кез келген әрекеті дереу тоқтатылып, құқықтық баға берілетінін атап өтті.
"Ешқандай арандату, танымалдық немесе қысым жасау әрекеті жауапкершіліктен босатпайды. Заң баршаға ортақ — мәртебесіне, байланысына немесе танымалдығына қарамайды", – деп мәлімдеді полиция.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz