“Табиғат геосаясатсыз тіршілік ете береді, ал геосаясаттың табиғатсыз күні қараң“ - Тоқаев

“Табиғат геосаясатсыз тіршілік ете береді, ал геосаясаттың табиғатсыз күні қараң“ - Тоқаев
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президент саммит қатысушыларына ілтипат білдіріп, халықаралық диалог алаңының маңызына тоқталды.

"Шын мәнінде, бүгін – Жер күні. Осы орайда планетамызды қорғауға жауапкершілікпен қарайтынымызды тағы да бір мәлімдеу үшін бас қосып отырмыз. Орнықты даму үшін ортақ көзқарас қалыптастыру өзекті әрі аса маңызды. Мұны өңір елдері терең түсінеді. Қазіргі экология тек климат мәселесімен шектелмейді. Бұл – адамзат тіршілігінің түп негізі. Яғни әңгіме таза ауа мен сапалы суға, бүлінбеген топырақ пен сенімді азық-түлік жүйесіне, қоғамның тұрақтылығына және ұрпақтың келешегіне қатысты болып отыр. Жалпы ақыл-ойдың тұнықтығы, қоғамдағы үйлесім мен адами бақыт та осыған саяды. Ал экология дегеніміз - Жер бетіндегі тіршілікке жауапкершілікпен қарайтын саналы өмір салты. Сондықтан бүгінгі саммит дер кезінде ұйымдастырылып отыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

️"Біз беталысы беймәлім аумалы-төкпелі кезеңде жүздесіп отырмыз. Мұның зардабы өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа, миллиондаған адамның тұрмыс сапасына қаншалық ауыр тиіп жатқанын егжей-тегжейлі айтудың қажеті жоқ. Соның салдарынан даму жолындағы күш-жігер, күрмеуі қиын экологиялық проблемаларға жұмсалуға тиіс ресурстар зая кетіп жатыр. Бұл ретте халықаралық қоғамдастық ерекше рөл атқарады. Сексен жыл бұрын құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы әлі күнге баламасы жоқ, әмбебап диалог алаңы екені сөзсіз. Алайда одан бері әлем түбегейлі өзгеріске ұшырады. Жасанды интеллект бүкіл адамзат санасын жаулап, күнделікті өмірге дендеп енді. Халықаралық құқықтың негізі саналатын БҰҰ жарғысының бұлжымас беріктігі туралы жиі айтылады. Әйтсе де ол қалауыңа қарай тапсырыспен алдыратын жеңсік ас емес. Керісінше БҰҰ жарғысын біртұтас, жан-жақты құжат ретінде қабылдау керек. Оның ережелері дәл сол қалпында танылып, мүлтіксіз сақталуға тиіс. Сол себепті БҰҰ және басқа да ірі халықаралық ұйымдар ауқымы мен сипаты жағынан бұрын-соңды болмаған әрі болжауы қиын өзгерістер дәуіріне қадам басқан қазіргі әлемнің ақиқатын қаперге алғаны жөн. Біз БҰҰ жарғысындағы қағидаттарды халықаралық қарулы қақтығыстарға қатысты өз ыңғайымызға қарай қолданудан аулақ болуымыз қажет. Сонымен қатар, көпжақты институттарға деген сенімге селкеу түспеуі керек. Дегенмен маңызды халықаралық мәселелерді шешуге олардың абырой-беделі жетпей жатқаны өкінішті", - деді Тоқаев.

Президенттің пікірінше, табиғат геосаясатсыз тіршілік ете береді, ал геосаясаттың табиғатсыз күні қараң.

"Елдеріміз тұтас экожүйеде өмір сүреді. Өзен-көлдер де, табиғи ландшафттар да, климаттың қауіп-қатері де баршамызға ортақ. Ең бастысы жауапкершілікті теңдей бөлісеміз. Орталық Азия мен көршілес аймақтар ұқсас экологиялық сын-қатерлерге тап келді: су тапшылығы мен су ресурстарын тиімсіз басқару; шөлейттену; мұздықтар еруі; ауа ластануы; биоалуантүрліліктің жойылу қаупі. Мен ең негізгі сын-қатерлер мен проблемалардың мәнін ашып, әдейі түстеп отырмын. Өйткені күш жұмылдыру арқылы осы мәселелерді шешуде оң нәтижеге жетеміз. Бұған кәміл сенемін. Жетістіктерге тоқмейілсіп отыратын заман өтті, шешім қабылдайтын уақыт келді", - деді Мемлекет басшысы. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget