Алматыдағы №2 балалар клиникалық ауруханасында 12 жастағы қызға ота жасалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Науқас ауруханаға шұғыл түрде жеткізілген. Оған сирек кездесетін әрі өте күрделі трихобезоар (асқазандағы шаштан құралған ірі конгломерат - еск.) диагнозы қойылған.
№2 ҚБКА директоры Марат Рабандияровтың айтуынша, кешенді тексеріс барысында дәрігерлер баланың өміріне қауіп төндіретін ірі түзілісті анықтаған.
"Қыз бала бұған дейін осы диагноз бойынша екі рет ота жасатқан: 2021 жылы Шымкент қаласында, 2024 жылы Семей қаласында. Бұл жағдай отаны айтарлықтай күрделендірді", - деді хирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Қаптағаев.
Алайда ота сәтті өткен. Қазір науқастың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Науқас дәрігерлердің тұрақты бақылауында ем қабылдап жатыр.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, науқас өз шашын жейтіні анықталған (трихофагия). Осыған орай науқаспен психолог жұмыс істеген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова