Көкшетауда сүтке бөлінген субсидиядан миллиондаған теңге жымқырғандар сотталды

Көкшетауда сүтке бөлінген субсидиядан миллиондаған теңге жымқырғандар сотталды
Фото: ҚМА

Көкшетау қаласында агроөнеркәсіп кешені иелеріне берілетін мемлекеттік субсидияны жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Екі жыл бойы "МолПродЖаркаин" ӘКК директоры А.С. Ефимкина және "Рассвет" шаруа қожалығының басшысы А.В. Маслов сүт және оны терең өңдеу өнімдерінің өндірісін арзандатуға арналған субсидияны заңсыз алған.

"Рассвет" шаруа қожалығында сүт өндіруге жеткілікті мал басы болмаған. Соған қарамастан электрон шот-фактуралар ақпарат жүйесінде "МолПродЖаркаин" ӘКК-ға 3 миллион келіден аса шикі сүт жеткізілгені туралы жалған құжаттар рәсімделген. Осы құжаттар негізінде сүтті сары май мен қатты ірімшікке өңдеу туралы есептер жасалып, уәкілетті орган өтінішті мақұлдағаннан кейін қаражат кәсіпорынның есепшотына аударылған", - деп жазылған хабарламада.

Келтірілген залал көлемі

Мемлекетке келтірілген жалпы залал - 152 миллион теңге. ҚМА мәліметінше, субсидияның бір бөлігін жасыру мақсатында Ефимкинаның туысының депозиттегі шотына аударылған. Кейін бұл қаражатқа ғимарат сатып алынған.

Сот үкімі

Тергеу барысында 6 жер учаскесіне, 4 пәтерге, 11 көлікке, ғимаратқа және өндірістік нысанға тыйым салынды.

Сот үкімімен А.В. Маслов пен А.С. Ефимкина 6 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ғимарат мемлекет кірісіне тәркіленді. Қалған мүлікке салынған тыйым азаматтық талап толық орындалғанға дейін сақталады.

Үкім заңды күшіне енді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget