Тоқаев Конституциялық комиссия жетекшілерімен жұмыс кеңесін өткізді

Тоқаев Конституциялық комиссия жетекшілерімен жұмыс кеңесін өткізді
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Конституциялық комиссия жетекшілерімен жұмыс кеңесін өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия төрағасы - Конституциялық сот төрағасы Эльвира Әзімованы, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары - Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді және Конституциялық комиссия мүшесі - Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевты қабылдады.

Мемлекет басшысына комиссияның жаңа Конституция жобасы бойынша бұған дейін атқарған жұмысы туралы мәлімет берілді. Эльвира Әзімова халық қарауына ұсынылған жаңа Ата Заң жобасы жөнінде баяндады.

Оның айтуынша, eGov және e-Otinish порталына жұртшылық тарапынан келіп түскен ой-пікір саны 4 мыңнан асқан. Азаматтар жобаны бүгінгі талап-тілектер мен қоғам мүддесіне сай келеді деп таниды. Саяси партиялар, республикалық және өңірлік қоғамдық ұйымдар жаңа Конституция қабылдау жөніндегі бастамаға қолдау білдірді.

Президент Конституциялық комиссия жұмысы ашық форматта жалғаса беруге тиіс екенін атап өтті. Бұл азаматтардың талқылау барысынан хабардар болып, жоба мазмұнымен танысуына мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев сарапшылар мен қоғам өкілдері жолдаған ұсыныстың барлығын жіті талдауды тапсырды.

Эльвира Әзімова Конституциялық комиссия мүшелері жаңа Конституция жобасының жекелеген баптары мен тармақтарын редакциялап жатқанын айтты. Комиссияның кезекті отырыстары ертең, яғни 7 ақпанда және келесі аптада өтеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget