Жетісу облысында тұратын шаруа асылтұқымды арғымақ баптаумен айналысады

Жетісу облысында тұратын шаруа асылтұқымды арғымақ баптаумен айналысады
Фото: 24kz

Жетісу облысы Ақсу ауданында тұратын шаруа Қанат Әбдірахманов жылқы малын көбейтіп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24kz телеарнасына сілтеме жасап.

Одан бөлек, асылтұқымды арғымақ баптаумен де айналысады. 2024 жыл кәсіпкер үшін табысты болды. Облыс орталығында бордақылау алаңын салды. Қиындығы мол ата кәсіпті дамытып отырған еңбек адамы ауылдастарынан да көмегін аяған емес.

Бөдене деп атаған бұл жүйрікті Қанат Әбдірахманов жеті айлық құлын кезінде сыйға алған. Ағылшын-араб тұқымды сәйгүлікті өзі баптап, талай рет бәйгеге қосты. Жарыстарда оза шауып, алдына жан салмаған жануар сан мәрте иесінің абыройын асқақтатты.

"Құнанына дейін жақсы жүгірді. Құнанынан бастап осы Бөденем болғаны үшін фазенда аштым. Осында қою үшін. Анда апарам, мында апарам қорқады, мынау "чистокровный" деп. Одан кейін баз алғаннан кейін бір үйір жылқы сатып алдық", - дейді шаруашылық жетекшісі Қанат Әбдірахманов. 

Бір үйір жылқыдан басталған қожалықтағы мал басы еселі еңбектің арқасында көбейді. Соған байланысты инвестициялық жобамен жер алып, үлкен шаруашылық құрды. Қазір төрт түліктің төресі жаз жайлауға, қыс қыстауға шығады.

"600 бас жылқы. Болашақта мың басқа шейін жеткіземіз деген ой бар. Биыл енді Талдықорған қаласынан бордақылау алаңын салып, 60 соток. Қазір сол жақта жылқы бордақылап, ары қарай сату мақсатында жұмыс істеп жатырмыз", - дейді Қанат Әбдірахмановтың ұлы Абылай Әбдірахманов. 

Шаруа жылқы өсірумен қатар жер жыртып, егін егеді. Қызмет көрсету ісін де ілгерілетіп отыр.

"Жиырмадан аса адамды жұмыспен қамтыған кәсіпкер әртүрлі саладағы шаруаны ұршықша иіру үшін ең алдымен ынта-жігер керек", - дейді.

"Еңбекқор болу керек. Ерінбеу керек. Таңертең ерте тұру керек. Жасаған жұмысыңа сүйіспеншілік. Сондай қасиеттер болу керек. Адамдармен жұмыс жасасу керек. Комбайнер, малшы деген дефицит. Менің адамдарым қасымда он бес жылдан жүр. Қыстай малшыларыма, трактористеріме соғым сойып беремін", - дейді Қанат Әбдірахманов. 

Алпыстан асқан Қанат Әбдрахманов ұзақ жыл бойы зоотехник болып жұмыс істеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін жеке кәсіпкерліктің іргетасын қалады.

"Енді бар шаруаны ұлдарыма тапсырып, жарыммен бірге немерелердің қызығын, бейнетінің зейнетін көрсем", - дейді еңбекқор жан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина