- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- мұғалім
Тараздық мұғалім физика сабақтарын TikTok-та түсіндіру арқылы әлемге танылды
Таразда физика пәнінің мұғалімі TikTok платформасында "Орталық Азиядағы креативті контент иесі" атанды. Мейірлан Жусанбаев физикалық заңдылықтарды оқушыларға тәжірибе жасау арқылы жеңіл тілде түсіндіреді. Қазір желіге жүктеген бейнелері миллиондаған қаралым жинаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Мейірлан Жусанбаев ұстаздық салада 13 жыл бойы еңбек етеді. Қазір сабақты құр теориямен оқушының санасына сіңіруден нәтиже жоқ дейді ол. Осыған байланысты 4 жыл бұрын тың тәсілге бет бұрған.
Физикалық формулаларға зертханалық әдіс жасап, түрлі заңды балаларға тірідей көрсетіп бастаған. Мұндай әдіс оқушылардың қызығушылығын оятып, қабілетін дамытқан.
"Мен өзім мектеп оқушысы болған кезде мұндай эксперименттерді мұғалімдер өткізбейтін. Яғни физиканы түсіну өте қиын болатын. Қазіргі заманда қол астымызда бүкіл құрал-жабдық бар. Жақсы физик болу үшін балаға тек қана қызығушылық керек. Егер бала осы эксперименттерді өз қолымен жасайтын болса, ол оны өмір бақи есіне сақтап қалады", - дейді физика пәнінің мұғалімі Мейірлан Жусанбаев.
Жас мұғалім 120-ға жуық тәжірибе жасап, бәрін таспаға түсіріп, желіге жүктеген. Қазір оның бейнесабақтары 6 млннан астам қаралым жинады. Тәжірибелері әлемдік деңгейде әдістемелік құралға айналып барады. Қиын пәнді формуламен емес, мысалмен үйреткен мұғалімнің сабағына оқушылар да қызыға қатысады.
"Сабақтар өте қызық өтеді. Мысалы, металдарды өртейді, парақтарды өртейді, жандырады. Қыздырады. Бұл бізге адреналин береді. Біздің қызығушылығымызды оятты", дейді оқушы Жанайым Сембекова.
"Мен олимпиададан ағайдың үйреткені бойынша бірінші орын алдым. Біздің ағай барлығын өзінің қолымен көрсетеді, яғни барлығын тәжірибе арқылы бізге жеткізеді және біз соны көзімізбен көргенде ол бізге түсініктірек болады", - дейді оқушы Медина Әбдіхамит.
Мейірлан 800-ден аса оқушыны физикаға баулыған. Бір қызығы, солардың жартысы осы бағытты мамандық ретінде таңдапты.
Еңбекқор ұстаз 2023 жылы зияткерлік мектептер арасындағы байқауда "Жыл мұғалімі" атанды.
2024-те TikTok желісінде білім бағыты бойынша "Орталық Азиядағы үздік креативті контент иесі" деген марапат алды. Сонымен қоса "Қазақстан мұғалімі" ұлттық сыйлығын иемденді. Ендігі мақсаты - "Әлем мұғалімі" байқауында бақ сынау.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина