- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мал ұрлығы
Жамбыл облысында ұрланған малдар иесіне қайтарылды
Жамбыл облысында ұрланған малдар иесіне қайтарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тұрар Рысқұлов ауданында шекара маңында қараусыз жайылып жүрген 49 бас ірі қара табылып, олар уақытша жергілікті шаруа қожалығының қамағына алынған болатын. Алайда көп ұзамай сол қожалықтан 5 бас ірі қараның жоғалғаны анықталды.
Бұл туралы ауыл әкімі аудандық полиция бөліміне шағымданды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ол - 21 жастағы Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны болып шықты. Айғақты зат ретінде ұрланған 5 бұқа тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Жамбыл облысы полиция департаменті тұрғындарға үй жануарларын қараусыз қалдырмау қажеттігін қатаң түрде ескертеді. Мал ұрлығын болдырмау үшін жануарларды белгілеу және арнайы қоршалған жайылымдарда бағу ұсынылады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина