Мемлекетке құны 1 млрд теңгеден асатын мүлік қайтарылды

Мемлекетке құны 1 млрд теңгеден асатын мүлік қайтарылды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Алматы облысы Қарасай ауданының прокуратурасы мемлекеттік мүлікті қорғау саласында заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жүргізілген талдау нәтижесінде 2017 жылы халықты ауыз сумен қамтамасыз ететін "Таусамалы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнын жекешелендіру кезінде сауда-саттық өткізу тәртібінің бұзылғаны анықталды. 

Кәсіпорынның құны 1,1 млрд теңгеге бағаланады.

Заңдылықты қалпына келтіру мақсатында прокуратура заңсыз жекешелендірілген мүлікті мемлекеттік меншікке қайтару және сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінді.

2024 жылғы 21 қазанда Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен прокуратураның талаптары толық қанағаттандырылды. Сатып алу-сату шарты заңсыз деп танылып, кәсіпорын мемлекеттік меншікке қайтарылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.

"Тау самалы" кәсіпорнының мемлекеттік меншікке қайтарылуы аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етуге және халық мүддесіне сай кәсіпорын қызметін бақылауды қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина