“Қазпошта“ Бибігүл Төлегеноваға арналған пошта маркаларын айналымға енгізеді

“Қазпошта“ Бибігүл Төлегеноваға арналған пошта маркаларын айналымға енгізеді
Фото: "Қазпошта" АҚ баспасөз қызметі

"Қазпошта" АҚ жақында "Дүниежүзілік пошта одағына 150 жыл. Бибігүл Төлегенова" тақырыбына арналған пошта маркаларын айналымға енгізеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұдан бөлек, "Дүниежүзілік пошта одағына 150 жыл" және "Ұмытылмас және мерейтойлық даталар" сериясына арналған пошта маркалары да дайындалды. 

Бұл туралы Астанада өткен Дүниежүзілік пошта күні мен Дүниежүзілік пошта одағының 150 жылдығына орай пошта қызметкерлері мен ардагерлерінің, мемлекеттік органдар өкілдерінің, бизнес серіктестердің мерекелік кездесуінде айтылды. 

Маркаға белгі қою салтанатты рәсіміне опера әншісі және актриса Бибігүл Төлегенова қатысты.

"Қазпошта" АҚ Басқарма төрағасы Әсел Жанасова: "Аса құрметті Бибігүл Ахметқызының мерейтойлық маркаға белгі қоюға қатысуы біз үшін үлкен құрмет. Атаулы марка оның отандық мәдениетке қосқан айрықша еңбегін мойындаудың, оның кәсіби және жеке жетістіктеріне терең құрмет пен алғыстың символы. Бұл марка Қазақстанды және оның бай мәдени тарихын танытады", - едп алғысын білдірді.

Айта кетейік, жақында Қазақстанның халық әртісі, КСРО халық әртісі, әнші Бибігүл Төлегенова 95 жылдық мерейтойына орай туған жерінде концерт өткізген болатын. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Д. Ибраева