Заңсыз кен өндіріп, есепсіз байыған: ШҚО-да кәсіпкер сотталды

Заңсыз кен өндіріп, есепсіз байыған: ШҚО-да кәсіпкер сотталды
Фото: ҚМА

Шығыс Қазақстан облысында AK Metal ЖШС басшысы бір жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Тергеу мәліметінше, серіктестікке берілген лицензия шеңберінде тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға рұқсат етілген. Алайда зертханалық және технологиялық зерттеу деген желеумен темір кені, темір кені концентраты өнеркәсіптік көлемде өндіріліп, кейін Қазақстанда және шетелде сатылған.

Кен өндіру жұмыстары салдарынан топырақ бүлініп, жердің табиғи бедері мен ландшафы өзгерген, тау-кен қазбалары мен үйінділер пайда болған. Бұл аумаққа елеулі техногендік әсерін тигізген.

Залал мөлшері

Жалпы 70 мың тоннадан аса өнім заңсыз өндіріліп, сатылған. Қылмыстық жолмен келген табыс 1 млрд теңгеден асқан.

Сотталған адам осы қаражатқа қымбат активтер сатып алған: Land Rover көлігі, бес бөлмелі пәтер, үш коммерциялық үй-жай, екі тұрақ орны және Алматы мен Алматы облысындағы екі жер учаскесі.

Сот құны 1 млрд теңгеден асатын бұл мүлікті мемлекет кірісіне тәркіледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget