Маникюрді меңгерген бала сұлулық салонын ашты

Маникюрді меңгерген бала сұлулық салонын ашты

Павлодар облысының Екібастұз қаласында тұратын маникюрші жасөспірім өзінің сұлулық салонын ашты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

15 жастағы Арулат Мұхамедқали 11 жасынан бастап тырнақ бояп, әрлеумен шұғылдана бастаған. Төрт жылғы тәжірибесінің арқасында өзінің жеке салонын ашуға мүмкіндік алды. Ол өзінің сәнгерлік өнеріне қалай келгенін былай түсіндіреді.

"11 жасымда анам бір шеберді үйге шақырған. Анамның қолын қалай тазалап бояғанын көріп алдым және соның бәрі маған ұнап қалды. Тырнақ жасап болған соң анам шеберге ақша төлеген кезде ішім ашып кетті. Ана сіз неге біреуге төлейсіз? Мен өзім сізге жасай аламын. Тегін әр ай сайын сізде таза маникюр болады", дедім.

Осыдан кейін жеткіншек тырнақ әрлеу өнеріне бар ынтасын қояды. Бір жағынан бұл істі қолға алуына мүмкіндігі шектеулі інісінің денсаулығы да әсер етті. Қаражат жинап бауырын емдету оның басты мақсаты.

Алғашында, ата-анасы оның әуесіне қарсы болғанымен кейін келе қолдау көрсетіп тіпті базалық курстан өтуіне де жәрдемдеседі. Қазір Арулаттың танымалдығы артып келеді. Ол төрт жыл ішінде бьюти саласындағы көптеген байқауларға қатысып марапатқа ие болып топ та жарды. Ол ең жас нейл шебері ретінде әйгілі. Қазір өзінің 12 жастағы бауыры Бексұлтанды да сұлулық өнеріне баулып жүр. Әйтсе де, Бексұлтан шаштараздықты таңдапты. Екеулеп күніне екі клиентті қабылдайды. Одан көп жұмыс істеуге ата-аналары рұқсат бермейді. Өйткені, басты басымдық білімде яғни, сабақтарын да қалдырған емес.

Е.Базарқұл     

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы